ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ
Қоғам дамуында қарқынды жылжу бар. Қарышты қадамдар жасалуда. Тәуекелдерге бас тігілмесе де бәс тігілердей қажыр-қайрат жұмсалуда. Өтіп кеткен жыл осынысымен есте қалды.
Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.
Ел газеті «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көптеген мәселелердің түйінін шешу жолдары мен жоспарланып жатқан жобалардың жүзеге тиімді асырылуын қатаң қадағалап отырғанын жеткізді.
Президент бастамалары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Демек, босағамыздан енді аттаған жаңа 2024 жылдан да күтеріміз мол. Бастысы денсаулық. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы.
Ескі жылда есіркеген Жаратқан жаңа жылда да баршамызды жарылқай беретініне сеніміміз кәміл.