Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтер көп…
Біздің газетіміздің дәстүрлі «Ауыл экспедициясы» бар. Көзі қарақты оқырман білетіні сөзсіз «Нұр Отан» және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен бұл экспедициямыз жыл сайын бүкіл республиканы аралап, ауыл тұрғындарымен кездесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бүгінгі ашып отырған айдарымыз негізінен оқырман хаттарынан тұрады. Яғни, оның белсенді авторы сізсіз, қадірлі оқырман. Өзіңіз тұрған ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы (оның ішінде көкейтесті мәселелер де болуы тиіс) жазып тұрыңыз. Оқиғаның суретін түсіріп жіберуді де ұмытпаңыз. Қанеки, белсенділік танытыңыз, қадірлі ауыл жанашыры!
Қандайда болмасын бастамаға уақыт төреші екені белгілі. Кейбір тұста уақыт сыншы да болып жатады. Алайда, өткен жылға өкпе жоқ. Ит жылында игі жобалар қолға алынып, Жамбыл облысы дамудың даңғыл жолына түсті. Тарихы тереңнен тамыр тартқан көне шаһарымыз жаңа кейіпке еніп, Тараз тотыдай таранды. Бір кездері болашағы бұлынғыр көрінгендей нысандардың келбеті ажарланып, ұмыт қалған құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Бұл, әрине, ең бірінші өткен жылдың басында облыс тізгінін қолға алған аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің ерен еңбегінің арқасы. Жаны жаңашылдыққа құмар азамат аз уақыттың ішінде облыс орталығын адам танымастай өзгертті. Оны біз айтпасақ та қалың бұқара көзбен көріп, тындырымды тірлікке тәнті болды. «Ел үшін туған Ер» деп, «Бәрекелді!» деп те жатты. Асқар Исабекұлының іскерлігіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Нұр Отан» партиясы және «Қазақстан ZAMANY» газетінің бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты ауыл экспедициясы кезінде біз де көз жеткіздік.
Экспедиция жаңалықтары
Жалпы экспедиция мүшелері былтыр Жамбыл облысындағы он ауданды толықтай аралап шықты.
Әрбір елді мекендегі игілікті істерді газет бетінде жариялап, қалың оқырманды хабардар етіп те отырды. Енді жыл ашар нөмірде осы экспедиция кезіндегі ерекше есте қалған дүниелерге тоқталғанды жөн көрдік.
Ең алдымен Қордай ауданының әлеуеті сан есе артқанын айтайық. Мұндағы жастар Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы «Цифрлық Қазақстан» жобасын одан әрі дамыту мақсатында робот жасауды қолға алыпты. Аудан әкімі Болатбек Байтөленің айтуынша, елді мекендегі 48 мектептің 18-інде роботехника бөлмелері ашылып, екі ІТ сыныбы іске қосылған. Бұдан бөлек, ауданда жеке қаржыландыру есебінен жылыжай салынуда. Сметалық құны 980 миллион теңгені құраған жобаның құрылысы аквапоника әдісі бойынша жүзеге асуда. Яғни, жылыжайдың төменгі бөлігінде балық өсірілетін болса, судың бетіне түрлі тағамдарға арналған қылқан жапырақты өсімдіктер егіледі. Корея мемлекетінің ғалымдарымен жобаланған елімізде баламасы жоқ бұл жылыжай биыл іске қосылмақ.
Шу өңірінде де жағымды жаңалықтар аз болмады. Аудан басшысы Қайрат Досаев экспедиция мүшелерін ағымдағы жылы Абай ауылында алып күн электр станциясы бой көтеретінінен хабардар етті. Бұл станцияның қуаттылығы жылына 130 МВт электр өндіре алады. Жоба толықтай 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, өлкеде қызылша шаруашылығына да айрықша көңіл бөлініп, биыл екі бірдей зауыттың құрылысы қолға алынады деп күтілуде.
Т.Рысқұлов ауданына да тындырымды тірлігімен таңғалдырды. Мұндағы жергілікті билік «Жастар жылына» тосын сый жасапты. Елді мекен алғашқылардың бірі болып, 10 жас отбасыға субсидия негізінде 500 бас қойдан бөліп беріп отыр. Олар 2-3 жыл ішінде мал басын көбейтіп алғаннан кейін несиенің төлемін төрт түлік төлімен қайтаруға тиіс. Бұл жоба қазір құландық-тардың ғана емес, бүкіл облыстың қызығушы-лығын тудыруда.
Оқырманның ыстық ықыласы
Негізі жоғарыда аталған жаңа-лықтар жайлы газетімізде жан-жақты жазғанбыз.
Енді мерейлі Меркі ауданына келсек, мұнда айрықша айтары оқырманның ыстық ықыласы болды. А.Қосанов атындағы №18 мектеп пен Савва атындағы №9 мектептің акт залдарында педагогтармен кездескен экспедиция мүшелеріне ұстаздар қауымы тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстардың қарасы қалың болды. Әсіресе, кітапханашылардың «Қазақстан ZAMANY» газетінің іргесінен шығатын республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына деген қызығушылықтары ерек екені аңғарылып, басылымда балғындарға арналған танымдық дүниелер көптеп жарияланса деген ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, «Қазақстан ZAMANY» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызымен жеке-жеке тілдесіп, қос басылымға деген ыстық ықыластарын білдірді. Одан кейін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Сапаркүл Бопиева бастаған меркіліктер экспедиция мүшелерін Савва атындағы №9 мектеп жанынан ашылған Т.Рысқұловтың мұражайын аралатып, өткен тарихтың өшпес іздерімен таныстырды. «Қазфосфат» ЖШС-ның директоры, «Еңбек Ері» Мұқаш Ескендіровтың қаржыландыруымен құрылысы жүргізілген мұражай өзінің бастапқы болмысын сақтап қалған. Онда Тұрар Рысқұловтың оқыған кезіндегі мектеп парталары, қаламсаптар, түрлі тарихи суреттер әдемі үйлесім тауып қойылған. Осынау құнды дүниенің қайнарынан сусындаған Сәуле Мешітбайқызы құрметті қонақтарға арналған журналға қолтаңбасы мен ақтілегін қалдырып, көпшілікпен естелік суретке түсті.
Ежелгі Баркуаб қаласының құпиясы
Жуалы ауданындағы жұртшылық болса, ежелгі Баркуаб қаласының қазба жұмыстарымен тәнті қылды.
Жалпы Жуалы ауданы Теріс ауылының іргесінде орналасқан Баркуаб қаласына барлау жұмыстары бұрындары да жүргізілген. Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі Бернштам мен Каллаурдың еңбектеріне сүйенсек, Баркуаб қалашығы ертеде «Иркут шаһары» деп аталыпты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да «Теріс» деген мағына береді. Бүгінде Баркуаб қаласының орнынан біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырларға тиесілі қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылуда. Және оның дені ерте ғасырдағы Қытай Империясында жасалған бұйымдар көрінеді. Бұл Баркуабтың көне қала ғана емес, орта ғасырдағы ірі сауда орталығы болғанын айғақтап тұрғандай.
Жуалы ауданының әкімі Бахтияр Көпбосыновтың айтуынша, қазір жергілікті билік бұл қаланы ерекше назарға алып отыр екен. Және өңірдегі бірде-бір аудан әкімі қолға алмаған бастаманы көтеріп, археологиялық қазба жұмыстарына аудандық бюджеттен арнайы қаржы қараған.
— Негізі Баркуаб қаласының тарихы Таразбен тамырлас. Тараз шаһарының 2000 жылдық тарихы болса, ғалымдар Баркуаб қаласы одан да ерте пайда болған деген дерек айтуда. Оған қоса, мұнда табылған бұйымдар орта есеппен 2500 жыл бұрын пайдаланылған деген болжам жасалуда. Оны ресми айғақтау үшін біз қазба орындарынан табылған жәдігерлерді Жапония мемлекетіне жібердік. Онда 8 ай зерттелген бұйымдар бізге мұнда келді. Қазір тілмаштар жапон тіліндегі жазбаны аударып, археологтармен бірге жұмыс жасауда.
Негізі бұған дейін бірде-бір аудан әкімі мұндай археологиялық қазба жұмыстарына ақша бөлмеген. Мен «нар тәуекелге» барып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен келісе, қазба жұмыстарына 10 миллион теңгені жергілікті қазынадан қарадым. Одан бөлек, табылған жәдігерлерді орналастыру үшін 30 миллион теңгеге аудан орталығынан музей салдырдым. Қазір Баркуаб қалашығынан табылған кейбір жәдігерлерді сонда қойып жатырмыз, — дейді аудан әкімі.
Иә, Бахтияр Бейсембайұлының бастамасы қос қолдап қолдауға тұрарлық. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында үндеген өткенімізді танытып, өшкенімізді жаңғырту деген осы. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, Жуалы ауданының әкімдігі Баркуаб қаласындағы қазба жұмыстарына сырттан адам шақырмай, өзіміздің жамбылдық археологшыларға сенім артқан екен. Ал археологиялық экспедицияның жетекшілігінде белгілі өлкетанушы, тарихшы, археолог Сауран Қалиев тұр. Өкінішке орай, біз Жуалы ауданында болған іссапарымызда Баркуаб қаласының қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орнын көре алмадық. Оған себеп, Жуалыға қар ерте түсетіндіктен, жергілікті билік қаланың төбесін арнайы жабындымен жауып тастаған екен. Және археологиялық жұмыстар да көктемге дейін тоқтатылған. Десе де, біз биыл ауданнан ашылған тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрып, табылған құнды жәдігерлерді көзбен көрдік. Мұражай екі қабаттан тұрса, оның төменгі бөлігі толықтай Баркуаб қаласына арналыпты. Мұндағы бай мұраны бізге мұражайдың ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев жан-жақты таныстырды.
— Негізі Баркуаб қаласы туралы 9 ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы Ибн Хардарбей еңбек қалдырып, онда ежелгі шаһарды «Баркубе» деп атаған екен. Ол араб тілінен аударғанда «Теріс» деген ұғымды білдіреді.
Қазір осы Баркуаб қаласынан табылып жатқан жәдігерлер адам таңқалдыруда. Мәселен, таңбалы тас аталатын жәдігерге ою-өрнектер қалай таңбаланғанын түсіну қиын. Бейне бір табиғи құбылыстар тасқа ою салып кеткендей. Дәл сондай, мұнда балық шаруашылығында пайдаланылған тастар да археологтардың қызығушылығын тудыруда. Сондай-ақ, қазба орындарынан кепкен, майшам, өрнек тоқуға арналған керме, диірмен, тас астау және қыш ыдыстар табылуда.
Ал ең таңқаларлығы 30 метр тереңдіктен табылып жатқан молалар болып тұр. Онда мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұны ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине, ол әлі талай зерттеуді қажет етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышы төбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмыстарын бастап, қазір үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түсті. Және бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырларды қазып алып жатыр. Бұл шын мәнінде таңқалатын нәрсе. Сонда осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылғаны ғой.
Осы орайда, ғалымдардың ойын сан саққа жүгіртіп отырған тағы бір жайтты айтып өтсем. Топырақтан аршылып алынып жатқан жәдігерлердің ішінен үлкен пішінді жалғыз бас табылды. Денесі жоқ басты қазір Алматылық ғалымдар зерттеп жатыр. Десе де, тарихшылар: «Ертедегі хандар өз жауларының басын кесіп алып, шатырының маңына іліп қойған. Бұл Томирис шауып алған Кир патшасының басы секілді, бір ұлы адамның басы болуы мүмкін» деген болжам жасауда.
Әрине, бұның бәрі ресми дәлелденбей бір тоқтамға келу қиын. Сондықтан біз қазір Жапония зерттеушілерінің байламын күтіп отырмыз. Егер олар Баркуаб қаласын осыдан 3 дәуір бұрын өмір сүргенін растаса, онда Қазақстан тарихына үлкен дүмпу болғалы тұр. Ал алматылық ғалымдар табылған бастың тарихын ашып берсе, тіпті түп тамырымызды тануға жасалған үлкен қадам болар еді, — дейді өлкетанушы.
Жалпы Дәулетжан Байдалиев елімізге есімі танымал өлкетанушы әрі ғалым адам. Жуырда Астана қаласында өткен тарихшылар жиынында «ҚР Үздік өлкетанушысы» төсбелгісімен марапатталды. Сондықтан оның Баркуаб қаласына қатысты тарихи танымы мен болжамдарына күмән келтірмесе болатындай.
Қалай дегенде де, ежелгі Баркуаб қаласы әлі жан-жақты зерттеуді қажет ететіні анық. Десе де, өткен жылы ғана басталған археологиялық қазба жұмыстарының өзі талай құнды жәдігерлерді жарыққа шығарып, ғалымдардың өзін таңқалдыруда. Демек, мұнда екі дәуірді қойнауында бұғып жатқан үлкен шаһар да болуы бек мүмкін. Оны енді уақыт көрсете жатар.
Халықтың алғысынан артық еш нәрсе жоқ
Міне, осындай тамаша тарихи орынның қазба жұмыстарымен танысқан экспедиция мүшелері одан әрі батысты бетке алып, Жамбыл, Сарысу және Талас аудандарында болды.
Мұнда да аудан әкімдері арнайы келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Және бірқатар әлеуметтік нысандарды аралатып, өндіріс орындарының өрісін көрсетті. Әрине, оның бәрін тізбектеп бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Алайда аталмыш аудандардағы жыл аяғындағы жағымды жаңалықтарына келсек, Таластағы Сейілбек пен Тұрымқұл ауылдарында жаңа емханалар ел игілігіне берілді. Мұндағы нысандар 5 келушіге арналған медициналық пунктер. Сондай-ақ Сарысу ауданындағы Игілік ауылының жұртшылығы да Жаңа жылды жаңа дәрігерлік амбулаторияда қарсы алды.
Мұндай жоғары көрсеткішті өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилянов бас бармақпен бағалап, Жамбыл өңірі халықты медициналық мекемелермен қамту жағынан өзгелерден көш ілгері келе жатқанын баса айтты. Бұл, әрине, жүйелі жұмыс пен тындырымды тірлікке берілген баға екені даусыз. Ең бастысы енді бірер жылда балтыры сыздап, белі ауырғандар алысқа шабылмай-ақ, өз елді мекенінен заманауи ем алуға мүмкіндік туатыны қуантады.
Жамбыл ауданы болса, жыл соңында орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізді. Тоғызтарау және Пригородное ауылдарындағы сумен қамту жүйесінің құрылысы сапалы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Нәтижесінде бір ғана Тоғызтарау ауылындағы 85 үй тәтті суға қосылды. Бұдан бөлек, алдағы уақытта тоғызтараулықтар көгілдір отынның да қызығын көретін болады.
Өткен ит жылындағы игіліктің тағы бірі — Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылына да таза су берілді. Бұған дейін құдық суын пайдаланып келген халықтың қуанышын теледидардан көріп, облыс әкімдігі тарапынан жасалған мұндай баянды бастамаға дән риза болғанымыз рас. Себебі, халықтың алғысынан артық еш нәрсе жоқ.
Тілші түйіні
Иә, осылайша ауыл экспедициясы былтыр Жамбыл жеріндегі жан жадыратар жағымды жаңалықтармен жан-жақты танысып, экспедиция жұмысын қорытындылады. Ал газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының елді мекендерді аралап, бұқараның ой-тілегін биік мінберлерге жеткізіп жүргені үшін Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев және Жуалы ауданының әкімі Бахтияр Көпбосынов Байзақ батыр және Ер Бауыржан төсбелгілерімен марапаттады. Ал Жаңа жыл қарсаңында Ел Анасын облыс орталығына арнайы шақырған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов «Өңірге сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін өз қолымен табыстады. Бұл тек басылым басшысына ғана емес, қалың оқырманы бар «Қазақстан ZAMANY» газетіне берілген жоғары баға деп білеміз.
Жасасын, Жамбыл жері! Әулиеатаның әлеуеті арта берсін. Өңір үшін өткен жылға өкпе жоқ, енді аймақ келер жылдан көп үміт күтетіні айқын. Ал біздің басылым Жамбылдағы жылт еткен жақсылықты насихаттап, ақпараттық қолдау білдіруге әрдайым дайын.
Саятхан Сатылғанов