Өткінші өмірдің өкініштері
Ғибадатқа шақыру
Осы күні қайсыбір кісілерге намаздың парыз етілгенін айтсаң, Алла қалаған күні оқимын ғой дейді. Әй, Алла қаламақ түгілі бұйырған жоқ па еді? Құрандағы «Зариат» сүресінің елу алтыншы аятын неге оқымайды? Сонда бұл адам: маған Алла жеке бұйрық шығарсын дей ме? Мұнысы тәкәппарлық емес пе? Алла Елшісі Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), жүрегінде дәннің көлеміндей тәкәппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді деген. Солардың біреуі болып қалудан қорқу керек қой!
Өмір деген…
Өте күрделі нәрсе сияқты, пәлсапашыларға сенсек. Ал ақиқатына келсек, ол оп-оңай, тым қарапайым. Алла бізді жоқтан бар етті. Неге? Өзіне ғана құлшылық жасауымыз үшін. Егер Одан басқадан да қорықсаң немесе қолдау дәметсең, онда Жалғыз Жаратушыңды ашуландырасың. Қадіріне жетпегенің. Жақсылығын елемегенің. Оған деген рахметіңді басқаға да бөлгенің. Сынақ өмірде сүрінгенің. Оқу орынында емтиханнан құласаң, қайта келіп тапсыруың мүмкін. Ал бұл сынақ бір ақ рет болады. Қателігіңді түзей алмайсың. Омақассаң отқа құлайсың. Онда оңбайсың. Оған дейін уақыт бар, ойлан, оқырман…
Дінді білмеген…
Кей кісілерге дін туралы айта бастасаң: «мен Құдай барын білемін. Уақыты келгенде намазды да оқимын» деп адамды ақымақ қылғысы келеді. Жаратушының бар екенін білу адамды оттан арашалай ала ма? Әрине, жоқ. Мұхаммедпен (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соғысқан мүшріктер, яһудилер, християндардың бір де бірі «құдай жоқ» деген жоқ. Бәрі де Мәңгі Тірі Алланы, ақіретті мойындады. Сонымен іс бітетін бе еді? Жоқ. Ең үлкен мәселе Теңдессіз, Жалғыз Аллаға ортақ қосудан (қатты!) сақтануда. Ортақ қосу деген Одан басқаға құлшылық жасап кету, Одан басқаны сондай сүю, сыйыну. Мүшіріктер құдайға тілегімізді жеткізеді деп, өздері қолдан жасаған пұттарға сыйынатын. Ал, християндар Құдайға, Жебірейілге, Исаға (Оған Алланың сәлемі болсын) үшеуіне бір ақ сыйынады. Ал ықылас деген ештеңе араласпаған тап таза сенім. Ешкімді ортақ етпей, Бір ғана Аллаға сыйыну. Алла Құранның «Ықылас» сүресінде: «оларға айт: Алла Жалғыз. Мұңсыз (ештеңеге мұқтаж емес). Туылмаған да тумаған (әуелі де соңы да жоқ). Әрі Оған ешкім тең емес (Оған ұқсас жоқ)» дейді. Осы төрт аяттан тұратын жалғыз сүрені біз көп жерде үш қайтара оқимыз. Себебі мұны Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құранның үштен біріне тең деген. Неге? Себебі діндегі ең негізгі мәселе тауһид (Алланың бірлігі) айтылған. Бұл сүрені үш рет қайталасақ бүкіл Құранды оқығандай боламыз. Жер бетіндегі көптеген адамдардың ауруы әруаққа, адыраспанға, үкіге, тұмарға, омыртқаға, жауырынға сыйыну. Қыдыр, қырық шілтен сияқты көзге көрінбейтін жаратылыстар жәрдем береді деп сену. Аллаға құлшылық жасамаса да болады деп ойлау да серік қосудың бір түрі. Басқаны емес, өзіңді серік ету. Бұлар ең үлкен, кешірілмес күнәләр. Құдайдан жеткілікті дәрежеде қорқа алмағандардың бәрі бұл күнәдан, ертең осы күнәсі үшін күтіп тұрған азаптан құтыла алмайды. Қандай өкінішті! Ал, Алла пәк,әділ.
Ғибадатқа шақыру
Кішкентай ғана мекеменің бастығы қарамағындағы қызметкеріне бір жұмыс тапсырса, ол адам қолды-аяққа тұрмай зуылдап, берілген тапсырманы тап тұйнақтай етіп орындамай жаны тынбайды. Қайтсе де бастығының ырзалығына бөленгісі келеді. Ал, оған бүкіл әлемдерді, оның ішінде өзі өмір сүріп отырған Жер шарын, ата-баба, әке-шешесін, өзін жаратқан, өмір, денсаулық, ризық беріп отырған, Қиямет Күні соның бәрі үшін есеп алатын, соттайтын шексіз билік Иесі Алла бұйырса, ол бұйрыққа пысқырып та қарамайды. Кейін… қол тигенде… оншақты, отызшақты жылдан соң бір орындай салармын қаласам деп кекірейеді. Ондайларды кім деріңді білмейсің. Оларға не десең жарасады?..
Бауырлар
«Он ақылды ұлың болғанша, бір мейірімді балаң болсын» деп айтқан адам біраз жағдайды басынан өткерген шығар… Әйтпесе әлемді дүрліктіріп, адамдарды қан қақсатқан мықтылар аз болды ма? Ондайлар қазір жоқ па? Суық ақыл биікке көтеруі мүмкін, бірақ айналасына шуақ сыйлай алмайды. Ел билеген кейбір кісілердің қарттар үйіне қоныс аударатыны, олай етпеген күнде де «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деп, аулағырақ тұруы сондықтан. Ағарып алға шыққанның қарайып қасыңда жүргісі келмейтіні де содан шығар. Ал мейірім қайдан келеді? Иманнан. Иманды адам ғана иілуге бейім. Дәйім сауап іздеп жүреді. Айналасына жылы көз тастауының да садақа екенін жақсы біледі. Үздіксіз Бақылаушы Алланың Өзі Қайырымды, Қамқар, Жомарт, Мейірімді, әрі Өзіне ұқсағысы келгендерді жақсы көретінін түсінеді. Раббысының рахметінен үміт еткен құл рахымды болуға тырысады. Сіз қандайсыз…
Ей, менің сәби жұртым!
Кейде көптен көрмеген ескі танысыңды, құрдастарды көшеде кездестіріп, жанарың жарқ ете, қанатыңды жая ұмтыласың. Ал, олар сенен шошып кетеді. «Не бәле, сақал қойып алыпсың. Вақабис боп кеткенсің бе?» дейді. Көңілің су сепкендей басылады. «Қайдан ғана кездестірдім?» дейсің. Дін дұшпандарының уағызына әбден уланған оған бірдеңе түсіндіру оңай емес. Өкінішке орай ол жалғыз да емес. Ондайлар екінің бірінен де көп. Бүгінде баяғы достардың ортасына түссең, басқа ғаламшардан келген кісідей бөлектенесің. Олар саған, сен оларға бөтен болып тұрасың. Пайғамбарымыз,(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), «дін әуелде бөтен болып келген. Қияметтің алдында да «бөтен» болып қайтып келеді. Сол «бөтендерге» жәннат болсын!» деп, дұға еткен екен. Көп ішінде көзге шыққан сүйелдей болып жүрген кімге жақсы дейсің? Бірақ, Алла разылығын іздеген адамдар қашанда жалғыз қалып қап жатады. Алланың өзіңмен бір екенін білген соң, ол да аса қорқынышты емес. Нағыз жалғыздық, шын қорқыныш алда…
Ең қызығы, осыда он төрт ғасыр бұрын ақиқатты айтқан мұсылмандарға қарсы шыққанда, меккелік мүшріктер мен християн, яхудилер бірігіп кететін. Қазір де бәрі бір ауыздан: «неге исламда терроризм бар? Мұсылмандар неге жауыз?» деп қарап отырады. Қаншама террактілерді дін жаулары жасап, мұсылмандарға жала жабуда. АҚШ тағы екі биік үйді ұшақпен соққан, қиратқан мұсылмандар емес, олардың өздері екенін бүкіл әлем беске біледі. Қазақтар ғана одан хабарсыз. Көздеріне не көрсетсе соған сенеді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс,Ахмет, Міржақыптарды «халық жауы» дегенде де сенген. Әлі де сене беретін түрлері бар.
Шындықты айтпаған адам, халқын сүймейтін адам
Мен де кезінде әсіре ұлтшыл болатынмын. «Қазақ! Тек қана Қазақ!» деп ұрандайтынмын. Сол үшін Абайды жақтырмайтынмын. Себебі,оның көңілі қазаққа толмайтын. Ол менің қазағымды қатты сынайтын. Осы күні қарасам, «Мен қазақты сүйем!», «Қазақ ғажап халық!» дегенімнен қазаққа көк тиын пайда жоқ екен. Ол тек қана ұлттық тәкәппарлықты арттырып, адамды адастырады екен. Біздің көбіміз шындықты сүймейміз. Шындықты шын сүйген Бауыржан атамыз: «өтіріктің балын жалап күн кешкенше, шындықтың уын жалап өлген артық» деп еді. Ал біз мәймөңкелеп: «Қазақ сұмдық халық!» деп өз елімізді алдаймыз. Оның арғы жағында не жатыр? Жаныашымастық, «күл болмасаң, бүл бол!» деген немкеттілік. Немқұрайдылық. Дәрігер адамға оның ауыруын айтпаса, емдеу жолын көрсетпесе ол байғұс өлмей ме? Біз де сондаймыз. Ал Абай ондай болмаған. Ол айтты. Сондықтан біз оны қабылдамадық. Жек көрдік. Тіпті сабадық. Кемшілікті айтып күйіну ұлтжандылық. Қаласаң да, қаламасаң да осы. Ал айтпау қорқақтық. Жалған абырой, бедел, сүйіспеншілік үшін өтірік мақтау сатқындық. Құрғақ мақтау, құр сөзге құрылған мақала, баяндамалар кісіні кекіртеді. Шіркін әр қазақ шын мәнінде намысқой, еңбекқор, дарынды, бауырмал, әсіресе иманды болса деп армандаймын. Өйткені иманды, тақуа адам ғана жәннәтқа барады. Елін шын сүйген адамның ең бірінші тілегі әрбір отандасының жаннатта уайымсыз, қамсыз, бақытты ғұмыр кешуі болмақ. Абай атам да соны армандады деп ойлаймын.
Серік Бәйтерек