«Отырар» сорты  дүниеге келмек

Жуырда Отырар ауданында «Тұзданған топырақтарды жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы жүгері дақылының өнімін арттыру» тақырыбында халықаралық далалық семинар өтті. Семинарға Түркия, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстаннан ауыл шаруашылық өнімімен шұғылданатын компания басшылары мен менеджерлері, сондай-ақ, елімізге белгілі ғалымдар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері қатысты.

Семинарда аудан әкімі Ерлан Айтаханов экологиялық апаттың алдын-алу, топырақтың құнарлылығын арттыру, шаруалардың еңбек өнімдерін еселеу мақсатында қолға алынған жобаларға кеңінен тоқталды. Одан кейін Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми – зерттеу институтуның бас директоры Абдулла Сапарұлы еліміздегі топырақ деградациясы және олардың құнарлығын жоғарылатудың қазіргі заманғы әдістері жөнінде баяндама оқыды. Түркия елінен келген «Түрік селекция орталығының» өкілі Хусейн Алтыншаш жүгері ұрығының сапасы жөнінде қысқаша хабарлама жасады.

Мұнан соң қонақтар «Ақтөбе-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. Аталмыш кооператив өкілі Елғонды Әлмаханов бұрынғы жылдары жүгеріден 50-60 центнерден өнім алып келсе, биыл институт ғалымдармен бірлесіп жасаған жұмыстың нәтижесінде гектарына 130-140 центнерден өнім алуды жоспарлап отырғандығын ерекше атап өтті. Семинарға қатысушылардың жүгерінің жаңа сортына «Отырар» немесе «Оқсыз» атауын беру жөнінде ұсыныстарын аудан әкімі де қолдады.

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.