ОТЫРАРДА БІЛІМ КҮНІНДЕ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде білім күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтуде. Меркелік шара Отырар ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекеде жаңа мектептің лентасы қиылды.
Балтакөл ауылдық округі, Ақкөл елді мекеніндегі Ж.Егембердиев мектебінің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қатар келген қос қуанышымен құттықтады.
«Міне бүгін біз осынау ел күткен тарихи сәтке куә болғалы тұрмыз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім беру мен ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына айрықша тоқталған еді. Әрине бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарында болу үшін білім беруде заман талаптарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажет. Тәуелсіз Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті, өркениетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Баршаңызды бүгінгі Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектебінің ашылуымен құттықтай отырып, жаңа оқу ордасынан білімді, дарынды азаматтардың шыға беруіне тілектестігімді білдіремін» деді.
Ауданындағы білім беру ұйымдарының жалпы саны- 41, Оның ішінде 40 мектеп мемлекеттік, 1 бастауыш мектеп жекеменшік-әріптестік аясында салынған. Аудандағы жалпы білім беретін мектептерде 13229 оқушы білім алады. Биыл аудан бойынша 1200-ге жуық бала алғашқы қоңырау үнін естіп, мектеп табалдырығын аттап отыр.
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ж.Егембердиев атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінің оқушылары 1990 жылдан бастап 2024 жылға дейін ыңғайластырылған жайда білім алып келді. Жаңа мектептің типтік жаңа ғимаратының құрылысы 2023 жылы қазан айында басталып, 2024 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп отыр. Мектеп ғимаратының жобасы 100 орындық балаға арналған, екі қабатты, типтік жайда салынған.
Мектептің жаңа типтік 5 оқу кабинеттері және бір интерактивті-компьютер бөлмесі, ыстық тамақ берілетін 36 орындық асхана жайы бар. Сондай-ақ, спорт залы және оқу жаттығу сабақтарына арналған құрал-жабдықтарымен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі