Отырарда қамыс плитасын шығаратын зауыт ашылады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының Отырар ауданында жүзеге асырылуы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баспасөз конференциясын берді.
Саяси құжаттың әрбір басымдығы бойынша жеке-жеке тоқталған аудан әкімі Отырарда «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» басымдығы аясында биыл Үдемелі индустриалды – инновациялық даму бағдарламасы бойынша құрылысқа қажетті қамыс плитасы жобасы іске қосылатынын айтты. Жергілікті «ПСК «Ақ Мерген» ЖШС-і ұйытқы болып отырған жоба жүзеге асқанда 30-дан астам жұмыс орны құрылатын болады. Жылына 750 мың шаршы метр қамыс плитасын жасауға қауқарлы жоба облыстағы ерекше әрі жалғыз жоба болып отыр.
«Отырар ауданында биыл егістік көлемі 25 мың га болады деп есептесек, қажетті түгендеу (инвентаризация) жұмыстарының нәтижесінде оның көлемі 3 мың га ұлғайып, 28 га жетпек. Оған қоса, осы жылы Сырдария мен Арыс өзендерінде судың мол болуына байланысты, «қызыл суды» егіс алқаптары мен жайылымдық және шабындық жерлерге бұрдық. Нәтижесінде 10 мың гектар жер тегін суарылды. Мұнан бөлек, жаз айларында пайда болатын су тапшылығының алдын алу мақсатында артық суды жинайтын табиғи ойпатты сайларды анықтап, тіршілік нәрін жинап қойдық. Нәтижесінде, жаз мезгілінде Маяқұм мен Көксарай ауылындағы 2 мың га жуық егістік алқаптар осы тасқынсудың есебінен суарылмақ. Сонымен қатар, Көксарай сайы маңын демалыс аймағына айналдырып, балық шаруашылығын қолға алу жоспарда бар», — деді Е.Айтаханов.
Мұнан бөлек, жүгері өсірумен аты шыққан отырарлықтар былтыр 5428 га егістікке жүгері ексе, биыл оның көлемі 2,5 мың га артып, аталған дәнді дақыл түрі 8500 га егілмек. Отырар ауданының климаты қарқынды бау өсіруге қолайсыз болса да жоспардағы 65 га орнына 77 га бау отырығызылып, жоспар 118,4 % орындалған. Жолдауда айтылған негізгі бағыт — кооперативтер ұйымдастыру жұмыстары шеңберінде ауданда өткен жылы 123 шаруа бірігіп 20 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, биыл 121 шаруа бірігіп, 13 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жалпы саны 33-ке жетіпті.
Тілшілермен кездесуде Е.Айтаханов ауданның ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз ету, абаттандыру, жол, кәріз жүйесі, білім беру, денсаулық сақтау, туризм сынды салаларындағы жаңалықтарды да айтып берді. Мәліметінше, тиісті жұмыстар жоспар аясында атқарылуда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі