Отыз бесінші жеңіс, отыз екінші нокаут!
Бүгін Лос-Анджелес төрінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы, үздік нокаутер жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізіп, атағын тағы бір мәрте қорғады. Ол 26 жастағы АҚШ-тың Калифорния штатынан шыққан Доминик Уэйдті жекпе-жектің екінші раундында-ақ сұлатып салғанын күллі әлем тамашалады деуге болады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей көрсетілім жасаған бокс бәсекесін жексенбілік ұйқысын қиып тамашалаған отандастарымыздың тілегі қабыл болып, «GGG» жеңіске жетті. Десе де, алғашқы раундтарда қарсыласының шаруасын бітіріп тастау Гена үшін де, еліміз үшін де қаншалықты абырой саналғанымен, атақты нокаутердің бәсекелерін арқаны кеңге салып рахаттана тамашалай алмайтынын талай адам айтып жүр. Тіпті, көп ақшасын қиып ринг төріне көз тіккен көрермендердің көңіл-күйі айтуға да келмейді. Ал, Гена мен Доминик жекпе-жегіне келсек, әдеттегідей жерлесіміз бірінші раундтың алғашқы секундтарын байыппен бастап, соңғы сәттерінде соққыларын үдете түсті. Нәтижесінде сол жақ құлақ шекеден соққы алған американдық боксшы ұзаққа бармайтынын сезгендей еді. Дегенмен, раунд аяқталып, аз да болса демалуға мүмкіндік алды. Қашан да арық сөйлеп, семіз шығарып жүрген Геннадий бұл жолы да білгенінен жаңылмай, бірінші кезеңде тамаша соққыларымен үркітіп алған Доминикті екінші раундта да аямады. Қос қолдан дөп дарыған соққылар ақыры Уэйдті біржола есеңгіретті. Бірінші нокдауннан кейін аяққа әрең тұрған американдық намысқа тырысып жекпе-жекті жалғастырды. Алайда, санаулы секундтардан кейін Генаның соққысына шыдай алмай тағы құлап, жеңілісін мойындауға мәжбүр болды. Ал, ел абыройын асқақтатқан Геннадий Головкин кәсіпкой бокстағы оныншы жылының алғашқы бәсекесін сәтті бастап, отыз бесінші жеңісін отыз екінші рет нокаутпен аяқтады. Жеңіс құтты болсын, отандастар!
«ЕлАна»