Өз ісінің майталманы!
➤ Аудандық газ шаруашылығы мекемесінде ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Яков Резниковтың еңбегін атап өтуге тұрарлық. Ол 1967 жылы Түлкібас ауданына қарасты Т.Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Шымкент облысына қарасты Ақсукент ауылындағы №11 Ауыл, ауыл шаруашылығы, орта кәсіптік-техникалық училищесін «Құрылыс ұстасы» және Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы Қаратау техникалық-колледжін «Жерасты газ құбырларын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь» мамандығымен аяқтап, қос мамандықты қатар меңгерген азамат.
➤ Ол Ресейдің Амур облысындағы Завитинск қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, алғашқы еңбек жолы Шымкент қаласындағы автокөлік кәсіпорнында жұмыс істеуден басталған. Онда бес жылдай еңбек етіп, 1992 жылы Татьяна Резникова есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, Нұрлыкент ауылына қоныс аударады. Бүгінде жұбайы Татьяна екеуі отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, олардан тоғыз немере сүйіп отыр.
➤ Яков Резниковтың Жуалы газ шаруашылығында еңбек етіп келе жатқанына биыл 32 жыл. Қызметі – апатты қайта қалпына келтіру жұмыстарының слесарьі. Негізгі міндеті – слесарьлық жұмыстарды, тұрмыстық газ плиталарына, су жылытқыштарына және басқа да газ жабдықтарына қызмет көрсететін және жөндеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қоса, газбен қамтамасыз ету жүйелерінің жабдықтарына қызмет көрсету, газ беру, тораптар мен бөлшектеріндегі ақауларды анықтау және қалпына келтіру оның басты міндетіне кіреді.
➤- Бұл мамандықты ойдағыдай атқару үшін химия, физика, сызу бойынша базалық білім қажет. Еңбекақы жұмыс орнына, біліктілік деңгейіне және тәжірибеге байланысты. Газ жабдығын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарь разрядына қарай қарапайым немесе одан күрделі жұмыстарды орындай алады. Жемісті жұмыс істеу үшін маманның бойында бірқатар жеке қасиеттер болуы тиіс. Көру, есту және иіс сезу қабілетінің жоғары болуы, қозғалыстың жақсы үйлесімі, ұқыптылық және ұжыммен жұмыс істей білумен қатар, әріптестермен жақсы қарым-қатынасты сақтау қажет,- дейді Яков Алексеевич.