ӨЗ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ АТАНҒАН

Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі – дәрігер. “Ақ халатты абзал жан” деген теңеу де – осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де — осы мейірбан адамдар. Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, бүгінгі таңда асқаралы алпыс бес жасқа өткелі отырған сондай азаматтың бірі — Шаухаров Хамиди Сұлтанқұлұлы.
Хамиди Шаухаров 1957 жылдың 10 қазанында Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Үлгілі сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттаған ол 1973 жылы Михайловка (Сарыкемер) ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебін бітіреді. Сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, оны 1979 жылы аяқтайды. 1979-1980 жылдар аралығында Жамбыл қалалық жедел жәрдем ауруханасында құлақ, тамақ және мұрын аурулары бойынша интернатурадан өткен соң, алғашқы еңбек жолын аудандық ауруханада ЛОР дәрігері ретінде бастайды. 1980-1992 жылдары Байзақ аудандық ауруханасында отоларинголог, одан кейін аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 1993-1996 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарды. 1998-2012 жылдары Жамбыл облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры, 2012-2017 жылдары Жамбыл облыстық қан құю орталығында директордың медицина жөніндегі орынбасары ретінде халық денсаулығын қорғауға үлес қосты. 2017-2020 жылдар аралығында «Айша бибі» шипажайында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, шипажайдың бас дәрігері лауазымдарын атқарып, зейнетке шыққан азаматтардың бірі.
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған абзал ағамыз зейнеттік демалыста болса да, бүгінгі күнде «Раяна» медициналық орталығында ЛОР дәрігері ретінде жұмыс жасап, аудан халқын емдеуге атсалысуда.
Жоғарғы санаттағы ұйымдастырушы дәрігер Хамиди Сұлтанқұлұлы аудан және облыстық денсаулық сақтау қызметін жақсартуға бар күш-жігерін, білімін, беделін салып, абыроймен қызмет атқарғандығы үшін Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілермен марапатталған.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің, денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің, «Нұр Отан» партиясының облыстық және де қалалық филиалының, облыстық және қалалық мәслихатының, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының түрлі деңгейдегі марапаттарын иеленген. Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен провизорларының, Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен болған жеті съезге, сондай-ақ, халықаралық ЮНИСЕФ, ЮСАИД ұйымдарымен тығыз жұмыста болып 2005 жылы Өзбекстан Республикасының Ферғана, 2007 жылы Ресейдің Санк-Петербург, 2008 жылы АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатының Роли қалаларында өткен халықаралық конференцияларына делегат болып сайланған. Өмір бойы бір салада қол ұстасып, жұптары жазылмай қызмет етіп келе жатқан Хамиди аға мен Мейізкүл әпкемізді бір арнада табыстырған да қызметке деген адалдық болатын. Бірінің ойын бірі толыстырып, бір салада қызмет еткен абыройлы жандар антына берік, қызметіне адал, кәсіби біліктілігі жоғарғы маман ретінде бірден көзге түсе білді.
Қазіргі таңда жұбайы Мейізкүл Шаухарова фармацевт, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Екеуі отбасында төрт ұл мен бір қыздан тараған он алты немерінің ардақты атасы, аяулы әжесі атанып отыр. Үлкен ұлы Мұхтар мен келіні «ҚазТрансГазАймақ» облыстық филиалында жетекші маман болса, екінші ұлы Мұхит пен келіні Мәншүк –Астана қаласында тұрады. Түркия Республикасының «Дайкин» фирмасынның Қазақстандағы өкілі, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қызы Камиланың мамандығы-дәрігер. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінде бас маман болып істесе, күйеу баласы — Нұржан заңгер. Одан кейінгі ұлы Диас пен келіні Зарина Тараз мемлекеттік университетінде, ал кенже ұлы Темірлан – Астана қаласында қызмет жасайды.

Серік ЖҰМАБЕКОВ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы.