ӨЗ ҰЛЫНАН БЕЗГЕН АНА

Тәуелсіздікке отыз жыл. Бірақ ана тіліміздің жағдайы мәз емес. Шенеуніктерге қазақ тілін оқыту үшін миллиондар мен миллиардтар шашылды. Нәтиже ноль. Әлі күнге көптеген шала қазақ отбасылардың балалары орысша оқып жүр.  Соның салдарынан аралас мектептер дәуірлеп тұр. Кім кінәлі? Біресе «қазақша сөйлеңдер» деп ақыл беріп, кейін орысша сөйлегенге «қазақша сөйлеп» неге олардың құқығын бұзасың деген  Елбасы ма? Кімге өкпелейміз, айтыңыздаршы? Көзіне қамшы тиген ат жалтақ. Қазақтың одан не айырмасы бар?

Меніңше бәріне рухы жаншылған, ұстанымы жоғалған сорлы қазақ кінәлі? Біз тобырмыз. Тобырлық санада жетілгенбіз. Ата буынның, аға буынның әбден зәрәзап болған шошынған қанынан жаралғанбыз. Қорқыныш пен үрей бар бойымызда. Естеріңізде болсын, тобырда ой мен ақыл болмақ емес. Әйтпесе не болды, кешегі аруағы асқан қазақтың ұрпағына!
Құлдық көрген, езгі көрген адамдардан құтылу үшін, 40 жыл шөл даланы кезіп, жаңа ұрпақты тәрбиелеген Мұса пайғамбардың хикаясы бекер емес-ау осы…

Бүгін немересімен орысша сөйлесіп тұрған ауылдың екі қариясын көрдім. Екеуінің де орысшасы нан сұрап жерлік қана. Алайда екеуі де немересінің орысша шатып — бұтқанына мәз. Қаным қайнады.  Мұны көру маған сондай ауыр тиді. Өлім ғой, өлім! Билікте де тіл мен дініңді ұрмайтын қаншама кәрі-құртаң жүр. Олардың баласы ғана емес, немере-шөбересі де «сақау» болып туған…  Бұлардан қалай құтыламыз?!

Неткен рухы биік халық еді Аварлықтар, Кавказдықтар! Орыстың езгісінде отырса да рухы әлі биік. Орыс спортында атой салып жүргендердің көбі Кап тауынан келгендер… Тарихты қопарсақ,  біздің Кенесары ханның аварлық Шәмілден несі кем? Бір кем дүние-ай!

Аварлық ақын Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабында мынадай бір түйінді ой бар. Оқып шығып намысыңызды қамшылаңыз! Біз кімбіз, олар кім?

«Бірде Париж қаласында дағыстандық суретшіге жолықтым. Револю­циядан кейін Италияға оқуға барып, жатжерлік әйелге үйленіп, еліне оралмаған екен. Әлемді шарлап, қымбат қонақүйлерде түнеп, алтын қасықпен ас iшiп, жүрсе де туған жерін аңсап, са­ғынышы сартап болыпты. Са­ғынышы суреттерінде қалай бей­неленді деген ниетпен картиналарын көрсетуді өтіндім.

Бip суретін «Туған жерге са­ғыныш» деп атапты. Суретте ита­лиялық әйелге көне авар киі­мін кигізіпті. Гоцатлиннің әй­гілі шеберлері жасаған күміс құмы­раны ұстаған әйел бұлақтың басында тұр. Терең сайдағы шағын авар ауылы мұңлы кейіпте, тау­дың басын боз тұман бүркеген.

– Тұман менің көз жасым, – деді cypeтші. Келесі шығар­масында жалаңаш бұтақта отыр­ған құс бейнеленіпті. Бұтақ жық­пыл тастардың арасында өсіп тұр. Суреттің тарихы туралы авторы былай деді:

– Ертедегі аварлардың аңызы негізінде сызған едім.

– Қандай аңыз?

– Ертеде бір аңшы кішкентай әдемі құсты ұстап алып, алтын торға қамайды. Әлгі құс күні-түні «отан, отан, отан» деп шырылдайды. Менің қазіргі өмірім сияқты. Аңшы ойлапты: «Бұл құстың ота­ны қайда екен. Шырылдауына қарағанда, жұмақтың төpi шығар. Босатып жіберіп, артынан ілесіп тамаша өлкені тауып алайын». Алтын тордың аузын ашып құсты ұшырыпты. Ұшып шыққан құс он аттам жердегі жықпыл тастардың ортасында өскен жалаңаш бұтаға барып қоныпты. Ол бұтада құстың ұясы бар екен. Мен де тордың іші­нен отанымды аңсаймын деп, – суретші сөзін бітірді.

– Айналып еліңе неге бар­майсың?

– Енді кеш. Туған жерімнен жалынды жастығымды әкеттім, ұялмай ыңыршағы айналған қу сүйегімді қалай алып барамын?!

Парижден елге оралған соң, суретшінің туыстарын сұрас­тыр­дым. Таңданарлық жағдай, анасы әлі тipi екен. Отанынан кетіп, жат жерде жүрген бауырлары жайлы барлық ағайыны бір үйге жиналып, менің сөзімді тыңдады. Әйтеуір тipi екен ғой десіп жатты.

– Сен екеуің аварша сөйлес­тіңдер ме? – деп кәpi анасы ойла­маған жерден тосын сұрақ қойды.

– Жоқ, біз аудармашы арқы­­лы сөйлестік. Мен орысша, ол фран­цузша.

Ең қадірлі адамы өлгенде қа­ра жамылатыны сияқты, анасы қара жамылығымен бетін жапты. Үй iшi жым-жырт. Далада тамның шатырын жауын сабалайды. Біз авар ауылында отырмыз. Әлемнің тағы бір шетінде мен көрген Париж қаласы. Онда да Дағыстанның тас­танды баласы жауынның дүрсілін ecтіп отырған болар. Көп уақыт үнсіздіктен кейін кәpi ана:

– Расул, сен шатасқан болар­сың. Менің балам баяғыда өлген. Ол менің балам емес. Менің ба­лам болса, мен үйреткен ана тілін, авар тілін ұмытуға тиіс емес, – деді».