Өзара байланыс нығаяды
«Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен кездесті. Кездесу барысында қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі мен кейінгі ұрпақтың газет-журнал оқуға деген құштарлығын арттыру мәселесі талқыланды.
– Біздің басылым барлық облыстармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ертіс-Баянауыл өңірімен де байланысымыз жақсы. Мен бұған дейін Павлодар облысының көптеген аудандарын аралап, оқырмандармен кездестім. Жалпы солтүстік облыстарда тіл мәселесі өткір тұр. Сондықтан бұл жерде мерзімді басылымдардың атқарар рөлі жоғары. Өкінішке қарай, қазір қазақ баспасөзінің жағдайы төмен. Себебі газет-журнал, кітап оқитын жастардың қатары сиреп келеді. Болашақта бұл мәселені ауқымды деңгейде көтеріп, Мемлекет басшысының алдына арнайы ұсыныстармен баруды жоспарлап отырмыз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Облыс басшысы Асайын Байханов та өз кезегінде дәстүрлі мерзімді басылымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
– Қазір интернеттің дамуына байланысты газет-журнал, кітапқа деген сұраныс төмендеп кетті. Яғни мерзімді басылымдар ғаламтормен бәсекелес бола алмай отыр. Дегенмен газет-журналдың, кітаптың орны әрдайым жоғары, – деді Асайын Қуандықұлы.
Алдағы уақытта өңірлермен байланысымыз нығаяды деп сенеміз.