Өзбекстандық инвесторлардың қолдауымен газ плитасы өндірілмек
Оңтүстік Қазақстан облысы шекаралас Өзбекстан мемлекетімен арадағы қарқын алған жылы қарым-қатынасты ел игілігі үшін тиімді пайдаланудың мүмкіндігін мүлт жібермеуге барын салуда. Әсіресе, сауда-экономикалық ынтымақтыстықты барынша арттыру мақсатында нақты қадамдар жасалуда. Соның арқасында алғашқы нәтижелер де жоқ емес.
Жуырда Елбасы арнайы іссапармен Өзбекстан мемлекетіне барғанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған командамен бірге өңірдегі 150-ден астам кәсіпкерлердің де Өзбекстандағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласқан болатын. Нәтижесінде өзбекстандық кәсіпкердің инвестиция құюымен «Бадам» индустриалды аймағында газ плитасын шығаратын цех іске қослыды. Жаңа кәсіпорынды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев арнайы аралап, жұмысымен танысып шықты. Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға қауқарлы жобаның құны – 102 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған. «Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматовтың айтуынша, қондырғылар әзірге жеке қаражаттарына сатып алынып, қондырылыпты. Сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді, бағасы да төмен болады деп болданып отырған өнім алдымен ішкі нарыққа саудаланбақ. Цехта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
— Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Күні кеше ғана Елбасымыз Н. Назарбаев Ташкентке ресми сапармен барып, бірқатар жаңа келісімдерге қол жеткізді. Көрші елдің үш облысымен өзара түсіністік меморандумдарына қол қойдық. Жылы қарым-қатынастың алғашқы жетістіктері де көріне бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасына жаңа серпін беретін индустриалды-инновациялық жобаларға қаржы салушы инвесторларды қашанда қолдауға әзірміз. Ең бастысы – ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие, өнім өндіретін кәсіпорындардың қатарын көбейтуіміз керек. Бүгінгі біз аралап көрген кәсіпорынның өнімдеріне ішкі және сыртқы нарықтан да сұраныс мол болатынына сенімдімін , — деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Нұр МЕКЕН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.