«Өздеріңе қатарласқа үйленіңдер» (хадис)

Ғылыми зерттеулер мен күнделікті тұрмыстағы тәжірибе көрсеткендей, отбасындағы жанжалдың көбі еркек пен әйелдің өзгешеліктерінен туып отырады. Сондықтан еркекке де, әйелге де некеге тұрмай жатып, отбасын нығайтуға жағдай жасайтын факторларды білгендері жөн. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жас айырмашылықтың үлкен болмауы осы факторлардың бірі болып табылады. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегені тегін емес: «Өздеріңе қатарласқа үйленіңдер».

Зерттеулерге қарағанда, ерлі-зайыптылардың арасындағы оңтайлы жас 3-4 жылды құрайды екен. Әрине, отбасының сәттілігі тек жас айырмашылығына байланысты емес. Жас айырмашылығы сәттілік элементтерінің тек бірі ғана. Дегенмен, жас айырмашылығының үлкен болуы келесі отбасылық қиындықтардың тууына әкеп соқтыруы ықтимал:

1) Өзара диалогтың қиындығы.

Көбіне ерлі-зайыптылар арасындағы үлкен жас айырмашылық олардың бір-бірін түсінбеудің себебі болады. Егер күйеуі әйелінен жиырма жасқа үлкен болса, онда ері барлық мәселелерді шешуде өзін жоғары санап, әйелінің пікіріне құлақ аспауы мүмкін. Бұл жас әйелдің өзін кем санауына және оны психологиялық қиындықтарға әкеліп соғады.

2) Физикалық жағынан сәйкес келмеу.

Үлкен жас айырмашылығында ерлі-зайыптылар физикалық дамудың әртүрлі кезеңінде болады. Бұл да, өз кезегінде, отбасына теріс әсерін тигізуі ықтимал.

3)Негізсіз күдік.

Кейде жас айырмашылығындағы алшақтық негізсіз күдіктің себебі болады. Зерттеулер көрсеткендей, көп жағдайда, расында, бұл күдіктердің ешбір негізі болмайды.

4) Өктемдікпен бағындыру.

Жас жағынан үлкен адам өзін аса тәжірибелі әрі білушімін деп санайды да әйелін өктемдікпен бағындыруға болады деп есептейді. Негізінде, мұндай бұйрықтар тек жеке басты қанағаттандыру үшін беріледі, сол себепті, өз кезегінде отбасының күйреуіне әкеліп соғады.

5) Ұялшақтық.

Үлкен жас айырмашылығы жасы кіші әйелдің ұялшақтығын арттырады. Ол тіпті нені қалайтынын да ұялып айта алмайтын халге жетеді. Мұның салдарынан күйеуінен ұялып айта алмағанын бөтен адамдарға айту арқылы шығаруы мүмкін. Бір-бірінің мәселелерін тыңдай алатын ерлі-зайыптылар қандай қиындықты болса да оңай игеріп әкетеді.

6) Аса еркелік.

Әйелінен жасы тым үлкен күйеуі оның көңілін өзіне аудару үшін жарының барлық назы мен еркелігін орындай бастайды. Мұны түсінген әйел оған қиянат жасауы бек мүмкін. Мұндай жағдайда бір кездері күйеуі оның әлдебір тілектерін орындай алмай қалса әйелі оны тастап, басқа біреуге кетіп қалауы ғажап емес.

 

muftyat.kz