Өздеріңіз азсыздар, жерлеріңіз үлкен, шекараны қалай сақтайсыздар?
1,5 миллиард Қытай мен алып Ресей сияқты мемлекеттердің ортасындағы ел екенімізді естігенде таңданысын жасыра алмаған Индонезия Спикері Қ.Тоқаевқа осындай сұрақ қойды.
Индонезияда болған бір- екі күнде біраз нəрсені зерделеп, байқадым. Астанасы Жакартаның өзінде 13 миллион адам тұрады екен. Бұл ресми мəлімет. Нақтырағы жергілікті адамдардың айтуынша 25- 30 миллионға баратын сияқты. Бұл елдің территориясы жалпы 17 мың аралдан тұрады, 700 тілде сөйлейді. Бірақ мемлекеттік тілі бір ақ тіл. Бұл туралы төменде нақтырақ əңгімелейтін болам.
Қазақстан мен Индонезияның арасында ерекше атап өтуге тұрарлық жеті ұқсастық бар екен.
Бірінші ұқсастық, екі ел де көп ұлтты. Қазақстанда негізгі ұлт – қазақ ұлтынан бөлек 130-ға жуық өзге ұлт өкілдері тұратын болса, Индонезияда 300-ден астам этникалық топтар, соның ішінде явандықтар, сундылар, мадурлықтар, малайлықтар, қытайлар (шамамен 5 млн. адам), Йеменнен және Үндістаннан келген адамдар бейбіт қатар өмір сүруде.
Екіншісі, көп дінді. Халықтың 85 пайызы ислам дінін (суннит бағытын), 8,7 пайызы — христиан дінінің әр түрлі бағыттарын, 1,8 пайызы — индуизм, қалғандары – буддизм, конфуцианизм және анимизм діндерінің ұстанады.
Үшіншісі, көп тілді. Халқының саны жағынан әлемдегі 4-ші орынды иеленетін, яғни 260млн. астам адам өмір сүретін Индонезияда 700-ден астам тілдерде сөйлейді, алайда негізінен баршасы мемлекеттік тіл индонезия (бахаса) тілінде сөйлеседі, іс қағаздарын жүргізеді.
Төртінші, сол көпдінділігіне қарамастан, екеуі де мұсылман елдері қатарына жатады. Индонезия дүниежүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет.
Бесінші, екі ел де жерасты кеніне бай. Ұлттық даму жоспарының басты бағыттарының бірі — мұнай шығару көлемін арттыру. Барланған мұнай қоры 3,7 млрд. баррельді шамалайды. Бүгінде Индонезия аумағында жалпы қуаты 1.1 млн. баррель мұнайды өңдей алатын 6-8 мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істеуде. Индонезия мұнайы мен мұнай өнімдерін Қытай, Германия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Сингапур, Австралия, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайвань елдеріне сатады.
Алтыншы, екеуі де дамыған мемлекеттер қатарына енуге арналған стратегиялық жоспар құрған және сол жоспарды біртіндеп жүзеге асырып, қарыштап дамып келе жатқан мемлекеттер. Бұл орайда, Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Бұл ел 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі», – деген болатын.
Жетінші, және ең бастысы, екі ел де ұлтаралық, дінаралық ынтымаққа ерекше көңіл бөледі, ұлыстары айрандай ұйып өмір кешіп жатқан бейбіт елдер қатарынан саналады. Бұл екі елдің арасын экономикалық мүддеден бөлек, әлемдік діндер арасындағы ынтымақ пен бейбітшілік мәселесіндегі үндестік етене ете түседі.
Оның сыртында, Индонезия Қазақстан үшін үлкен рынок. Діни төзімділікке үндеуде және терроризммен күресте сенімді серіктес.
Міне, осы жеті ұқсастық пен мүдделестік тағы бір үлкен, жоғары деңгейдегі кездесуге жол ашты. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 наурызда Индонезияның Президенті Джоко Видодомен, Вице-президенті Юсуф Калламен кездесті және Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен, Халық кеңесшілері конгресінің Төрағасы Зулкифли Хасанмен екіжақты кездесулер өткізді. Қ.Тоқаев келіссөз қорытындысы бойынша баспасөз өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
Бір қызығы, Халық кеңесшілері конгресінің мүшелері Төрағасы Зулкифли Хасанннан бастап кездесуге, галстуксыз, өздерінің ұлттық киімі бати көйлегін киіп келіпті. «Біз мұны аса силы қонақтарға құрмет көрсеткіміз келгенде киеміз» деді төраға. Сондай-ақ әңгіме барысында Зулкифли Хасан «Сіздер Қытай мен Ресей сияқты алып елдермен шекараласасыздар. Көрші елдермен территориялық немесе мүдделік кикілжің жоқ па? Жерлеріңіз үлкен, өздеріңіз тым аз екенсіздер, шекараны қалай сақтайсыздар?» деп таңдана сұрады. Бұл 260 миллионның 18 миллионға қойған сұрағы. Бұл сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлемің кемел ойлы саясатшылары қатарынан саналатын Қазақстан Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шегараны шегендеуге ерекше күш салған болатын. Сөйтіп көрші мемлекеттермен қажетті құжаттар құнтталып, келісімдер түзілді, заңдастырылды. Біз нені болса да көршілерімізбен іскерлік, әріптестік жағдайда, заң аясында, бейбіт жолмен шешеміз. Көршіні таңдау мүмкін емес. Ал онымен тату өмір сүру — міндет. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда терроризм «сырқатына» шалдыққан елге көрші болғаннан, Қытай мен Ресей тәрізді алып көршілеріміз болғаны жақсы» деп жауап берді.
Индонезия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әріптесі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына биыл 25 жыл толады.
Бір сөзбен айтқанда, екі ел де арадағы экономикалық, мәдени, басқа да сан салада белсенді байланыстар орнатуға мүдделі. Бірақ іс жүзінде әлі де экономикалық байланыстар белсенді жүріп жатыр деп айту ерте. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауда көлемі әзірге 100 миллион долларға да жетпегенін, экономиканың әлеуетіне сай еместігін және бірлесе отырып белсене күш салуды талап ететінін айтқан болатын. Сол кезде Президент «Қазақстан бірлескен инвестициялық және жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға мүдделі. Бізде жұмыс істеуге ниетті Индонезия бизнесін қолдауға дайынбыз», — деген еді. Сол жолы Елбасы екі елдің белсенді экономикалық байланыстар орнатуына логистика, транспорт мәселесінің кедергі болып отырғанын да баса айтқан болатын. Бүгін де сол мәселе Сенат төрағасымен кездесуде тағы көтерілді. Қ. Тоқаев жаңа көлік-логистика бағдарларының іске қосылуына байланысты жаңадан ашылатын мүмкіндіктерге назар аударды. Атап айтқанда, Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақстандық терминал мен Ирандағы Бандер-Аббас теңіз портына дейінгі теміржол мүмкіндіктерінің арқасында сауда-экономикалық ынтымақтастық ұлғая түсетінін жеткізді.
Айтпақшы, Қазақстан мен Индонезия арасында тағы бір ұқсастық бар. Ол екі елде де ауыл-шаруашылығы — экономиканың басты саласы болып табылатындығы. Егер Индонезия халқының саны 260 миллион екенін ескерсек, экономикалық байланыстар күшейе түсіп, жүк тасымалы, транспорт, логистика мәселесі өз деңгейінде шешілсе, қазақстандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге 17 мың аралдан тұратын алып ел үлкен нарық екені анық.
Әділбек Қабаның фейзбук парақшасынан