ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сарыкемер ауылының ауыз су жүйесін дамыту бағыты бойынша
жалпы құны 3 миллиард 402 миллион теңгені құрайтын 2019-2021 жылдарға белгіленіп, іске асырылып жатқан жоба
аясындағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына және
жолдардың бүгінгі жағдайына қатысты аудандық Қоғамдық
кеңес тарапынан үлкен алаңдаушылық туындауда. Бұл туралы апта ортасында Қоғамдық келісім үйінде Жұманғали Құмғанбаевтың төрағалығымен өткен Қоғамдық тыңдауда кеңінен сөз қозғалды. – Өздеріңізге белгілі, «Ауыл – ел бесігі» жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында, Сарыкемер елді мекеніндегі автожолдар орта жөндеуден өткізіліп, ауыл ішінде ағын су келетін бетондалған арықтар тартылған болатын. Сонымен қатар, су құбыры желілері мен су қабылдау ғимараттарының құрылысы қарқын
алды. Аудан орталығы саналатын ауылдағы өзгерістерге баршамыз қуанғанымыз белгілі. Бірақ, көктем айы келгелі, қуанышымыз сап тыйылды. Себебі, қайбір көшеге барсаңыз да дұрыс жүруге мүмкіндік жоқ. Қазылған көше қазылған күйінде қалса, жөнделген көшелер ойылып жатыр. Жергілікті халық
тарапынан көптеген наразылықтар туындап отыр. Ауылдық округ әкімшіліктерінде ашылған чаттарда аудан тұрғындары осы мәселені көтеруде. Бұл мәселені өзіміз де күнделікті көріп отырғандықтан, осы өзекті проблеманы шешу үшін Өздеріңізбен басқосуға ұйғардық, — деді Жұманғали Серікбайұлы.
Тыңдау барысында аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық
шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
бөлімінің басшысы Нұрлан Мекебаев, Сарыкемер ауылдық
округінің әкімі Сәуле Тлеуқұлова, мердігерлер «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ләмзер Тулебаев, «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің өкілдері Біржан Жорабек, учаске басшысы Заурбек Дуанбеков, бас инженер Жарылқасын Раимов, техникалық қадағалаушы Оңғар Бисенбаев қатысып, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты есеп берді.
– Осы су құбыры желілері мен су қабылдау ғимараттарының
құрылысына байланысты тиісті мамандарды жіберіп, тексерген
едік. Сонда 38 көшеде осындай 256 құрылыстың жайсыздығына қатысты фактілер орын алғалы анықталды, — деген кеңес төрағасы жер асты суы деңгейінің көтерілуіне байланысты
су құбырлары мен құдықтары төмен түсіп кету салдарынан жолдардың техникалық жағдайы жүріп-тұруға қауіпті болып отырғанын жеткізді.
Қоғамдық тыңдау соңында мердігерлер тарапынан төмен түсіп кеткен жолдар мен су жүйелерін қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жеделдету және атқарылып жатқан жұмыстарда құрылыс мәдениетін сақтау тапсырылып, қалыптасқан кемшіліктерді тез арада жою жөнінде ортақ шешім қабылданды. Нәтижесінде орын алған олқылықтарға орай,
жөндеу жұмыстарына қатысты мердігерлер құрылыс сапасы мен мерзімін толықтай мойындап, өз жауапкершіліктеріне алды.