ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ТАМЫЗЫҚ
Дамыған ел қатарына қосылып, өркениетті өмір сүру, біздің қоғамды ғана емес, әлемде 206 ел болса, солардың кемінде 150-нен астамын, сондай-ақ, белгілі ойшыл-экономистерді де толғандырып келген тақырып…
Иә, Дүниежүзілік Банк жақында өз баяндамасында соңғы онжылдық Қазақстанның дамуында «құрдымға кеткен онжылдық» болды деп жариялады. Қоғам арасында мұны өрбітіп, «онжылдық емес отызжылдық» — дегенді де естіп жүрміз. Оған негіз болатыны — кезінде біраз мүмкіндіктерге, табысты қаржыға ие болсақ та, ел әлеуеті мәз емес, ал әлемде 30 жыл ішінде қарқынды дами алған елдер бар. Қазір мүмкіндік азаюда, қаржы тапшылығы бар, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделі, ал уақыт болса күттірмейді. Әлемдік экономиканың фрагментациялануына бет алған болашақта «мүмкіндіктерін жіберіп алған ел» атағына ие болмауымызға кепілдік жоқ…
Десе де, Дүниежүзілік Банктің елімізді осылай бағалағаны олар тарапынан моральдік тұрғыда негізсіз деген де пікір бар. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, халықаралық қаржы институттарының несиелерін, гранттарын үзбей алып келеді. Осы уақытқа дейін шамамен 12 млрд. долларға 50-ден астам жоба қаржыланды. Банк ережесіне сәйкес, оның консалтингі: алдын-ала зерттеу, іске асыруда кеңес беру, тиімділігін қадағалау, саланы басқару/реттеу жөнінде ұсыныстар, несие есебінен төленеді.
АҚШ бастамасымен 1944 жылы Дүниежүзілік Банкпен (ДБ) қатар құрылған Халықаралық Валюта қоры да (ХВҚ) өз саясаты негізінде дамушы ел мүдделерін қаржыландыруда: дағдарыс жағдайының алдын-алу/шешуге қаржы және техникалық көмек көрсету, қаржы/ақша-несие саясатын жүргізуде ұсыныстар беру, халықаралық тәжірибені енгізу, валюталық және қаржылық өзекті мәселелеріне зерттеулер жүргізу, т.б. ДБ мен ХВҚ қаржылық көмегін өз шарттары мен ұсынымдарын орындату талабымен бірге жүргізеді, ал орындалмаған жағдайда, қаржы бөлу тоқтатылады. Дегенмен, олардың қаржыландыру саясаты мен реформалау бойынша ұсынымдары қаншалықты тиімді болғанына бүгінгі ахуал куә.
Бұл ретте, халықаралық сарапшылардың сыны негізсіз емес: «Батыс қаржы институттарының саясаты, түптеп келгенде, дамушы елді өркендетуге емес, тек қана Батыстың қаржы/тауар/қызмет ағындарына дамушы елдің ішкі нарығын өз пайдасында игеруге жол ашуға бағытталған». Мысалы, Аргентина, Бразилия, Эквадор, Мексика, Греция, Югославия және Руандамен бірқатар Африка елдеріндегі ДБ мен ХВҚ-ның саясаты дағдарыстың тереңдеуіне себеп болған. Жайсыз жағдай 90-шы жылдары посткеңестік елдер мен Қазақстанда да орын алды. Жаппай жекешелендіру елді деиндустриялауға әкелсе, бюджеттік шығындарды қысқарту әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне, ырықтандыру саясаты мемлекеттік реттеуге кері әсерін тигізді, еркін сауда отандық өнімнің қысқаруына/жойылуына әкелді, қаржы саласы теңгенің құнсыздануынан зардап шекті. Нәтижесінде, ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптің үлесі айтарлықтай төмендеді, ал мұнай бағасы құлдыраған кезде, сауда және қызмет көрсету секторлары үлесі шамамен 60%-ға жетті. Бұл халық шаруашылығы әл-ауқатының төмендеуінің белгісі еді…
Мұндай жағдайға байланысты белгілі экономист Э.Райнерт, бай елдердің дамушы елдерге өздері ешқашан ұстанбаған және ешқашан ұстанбайтын теорияларды таңу бейімділігін айтқан еді. Сонымен қатар, Э.Рейнерт бай елдердің барлығы да міндетті түрде ұлттық өндіріс салаларын қолдау/қорғау кезеңінен өткенін және еркін сауда нарығына мемлекеттің араласуы, протекционизм мен стратегиялық инвестиция үйлесімділігі арқылы байығанын, ал мемлекеттің қуаттылығы ең алдымен өңдеу өнеркәсібіне негізделіп, экспортқа бағдарланған индустрияландыру мен жаңа технологияны игеруге байланысты екенін айтады.
Бұл көзқарасты атақты корей экономисті Ха Джун Чхан да бөліседі: «Әлемдік экономикалық жүйе дамушы елдер мүддесін қолдайтын саясатты іске асыруға мүмкіндік беру мақсатында толығымен қайта қаралуы керек. Дамушы елдерге «саяси кеңістік» қажет, атап айтқанда, протекционистік шараларды қолданудың, шетелдік инвестициялар мен зияткерлік меншік құқықтарын реттеудің неғұрлым либералды режимін қажет етеді. Дәл осы саясатты бай елдер өздері дамып келе жатқан кезде ұстанды. Мақсаттарға жету үшін ДСҰ-ны реформалау, бай және кедей елдер арасындағы қолданыстағы екіжақты сауда және инвестициялық келісімдерді жою және/немесе қайта қарау, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының несие беру және қаржылық көмек көрсету шарттарын өзгерту қажет…».
ДБ мен ХВҚ болса, ұсынған реформаларының сәтсіздігін елдердегі қоғамдық институттардың жетілмегенінен көреді, яғни институционализм тұрғысынан түсіндіреді.
Бұл жөнінде Нобель сыйлығының иегері, экономист ғалым Д.Норт: «Батыстың саяси және экономикалық заңдылықтарын бұрынғы КСРО елдеріне телу олардың тиімді жұмыс істеуіне жеткілікті фактор болмады, ал оларда жүргізілген жекешелендіру экономикалық мәселелерді шешудің панацеясы емес» — деп, әр елдің институттарының ерекшелігін ескеру қажеттілігін айтады. Институттар — бұл адамдар, түрлі құрылымдар бір — бірімен өзара әрекеттерін қалыптастыратын жан-жақты үйлесімді ережелер жиынтығы, процедуралар және адамдардың моральдық-этикалық мінез-құлықтары; — бұл формальды (заңдар, конституция) және бейресми шектеулер (шарттар, ерікті мінез-құлық кодекстері). Олар бірігіп, қоғам мен экономиканың ынталандырушы күшін құрайды. Д.Норт реформалау стратегиясы мен тактикасындағы экономикалық, идеологиялық, саяси, әлеуметтік факторлар жүйенің өзгеруіне әкеліп, бұл өз кезегінде, мемлекеттің дамуына айтарлықтай әсерін ететінін дәлелдеді. Оның зерттеулерінен бір елдің озық тәжірибесі басқа елдің ерекшеліктерін ескерусіз іске аса бермейтінін және әр мемлекет тек қана өзіне ғана тән даму жолымен өркендей алатынын ұғынуға болады. Және ол қоғам санасына сіңген өткеннің құнды мұрасын сақтау қажеттілігін де айтады.
Белгілі орыс экономистері А.Аузан, В.Полтеровичте әр елдің дамуына сол елдің ұлттық болмысы мен мәдени құндылықтарының да әсері бар екенін растайды. Сонымен қатар, ұзақ жылдар дамушы ел статусындағы мемлекеттерге тән тағы бір заңдылық – оның бұрынғы сәтсіз даму инерциясынан жаңа бағытқа көше алмауы (эффект колеи — path dependence) немесе даму траекториясына өте алмауы. Бұл елдерде әр саланың проблемалары жүйелі түрде және түпкілікті шешілмей, үнемі сол проблемаларға ұрына беруді қайталаумен болады.
Американдық экономист-ғалымдар Д.Аджемоглу мен Д.Робинсон «Неге кейбір елдер бай, ал өзгелері кедей» атты кітабында ел экономикасының әлеуеті табиғи байлығы мен географиялық ортасынан бұрын, институттарының қалыптасуына байланысты дамитынын айта келе, институттарды экстрактивті және инклюзивті түрге бөледі. Экстрактивті институтта билік элитасы халықты өз мүддесі үшін пайдаланады және бұл саясатты үнемі жүргізу азаматтарды кастаға бөліп, олардың құқығы мен бостандығына қысым жасау қалыпты жағдайға айналады. Мұндай билік даму тәжірибесінде ізденістен алыстап, тиімсіз әдістерді қолдануын жалғастыра береді, қоғам даму ынтасынан айырылады. Инклюзивті институт қарапайым халықтың билікке араласуына мүмкіндік жасап, ел үшін маңызды шешімдердің қабылдануына негіз болады. Бұған сот әділдігі мен азамат құқығын шектемейтін, нәтижесінде, қоғамдық келісім қалыптастыратын жүйе жатады. Демократиялық және автократиялы жүйелердің қалыптасуын осылай түсіндірген авторлар автократиямен де елдің дами алуын жоққа шығармайды (Сингапур, Қытай, Сауд Арабиясы, Катар т.б.) дегенмен, мемлекеттің ұзақ мерзімде қалыпты дамуына демократияның тиімділігін дәлелдейді.
Экономикалық өсудің ұзақ мерзімді драйверлерін, сондай-ақ дамушы экономикалардың қарқынды өсудегі кедергілерін талдаған американ-түрік экономисті Д.Родриктің айтуынша, экономиканың неғұрлым сенімді іргетасы нарық пен биліктің үйлесімді тепе-теңдігі арқылы қаланады. Яғни, нарық пен үкімет бірін-бірі алмастыруды емес, толықтыруды қажет етеді. Нарықтың ұлғаюы мен тиімдірек болуы биліктің күшін, тиімділігін қажет етеді. Нарық мемлекет әлсіз жерде емес, күшті жерде жақсы жұмыс істейді. Екіншіден, капитализмнің бір моделін ұстану міндет емес. Экономикалық өркендеу мен тұрақтылыққа институционалдық тетіктердің әртүрлі комбинацияларын қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Әр мемлекет өзінің құндылықтары мен қажеттіліктеріне байланысты осы механизмдерді таңдауына болады. Д.Родриктің айтуынша, институттар мен адами капитал, әрине, даму үшін маңызды болғанымен қуып жету және басып озу үшін үнемі жаңа өндірістерді дамытып, еңбек нарығы құрылымын түзету керек, жұмысшылардың біліктілігін үнемі жетілдіруге және неғұрлым озық өндірістерге көшуге көмектесу керек.
Сонымен, белгілі экономистердің ой-тұжырымдарынан «Кедей ел қалай бай болады» деген дәстүрлі сұраққа қарапайым жауап — институттарды дамыту, мемлекеттік басқару сапасын арттыру, инвестицияларды тарту және, ең бастысы, өнеркәсіптің тұрақты қарқынмен сапалы дамуын қамтамасыз ету.
Дегенмен, бұл тұжырымды бүгінгі жаһандық жағдайда іске асыру қиындай түседі.
Жаһандық сауда нарығы барған сайын саясилануда — әлемдік экономика өсімінің баяулау себебінен саясаткерлер сауда соғыстары мен мемлекетаралық бәсекелестіктің түрлі тәсілдерін үдететін болады. Бұл жағдайда, даму стратегиясы бұрынғыдан өзгеше болуы керек. Әлемдік экономикаға бұдан былай сенудің қажеті жоқ, ең алдымен, елдің ішкі нарығы мен ресурстарына сүйенген абзал. Даму стратегиясы қоғамдағы орта тапты қалыптастырып, оны нығайтуға негізделуі керек, ол үшін мемлекет табысы мен материалдық игіліктерді қоғамға ұтымды мақсатта бөлуді қамтамасыз ету қажет. Институционалдық факторларды үзбей жетілдірудің үнемі назарда болуы аса маңызды. Мұндағы ұзақ мерзімді мақсат – қазақстандық жасампаз қоғам қалыптастыру…