ӨЗІМДІ ДЕ КӨРДІМ КӨПТІҢ ІШІНЕН, БІР РЕТ БОЛСЫН ЖҮГІРГІСІ КЕЛЕТІН…

Лесгүл Жиенбетова бастаған «Талантты жастар» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Қаратау қаласында өткен «Жаңарған Қазақстан» атты Республикалық білім-өнер байқауында қазы болып, қаламсап пен ақ парақты жанына серік еткен Дияра Миранқызы Әскербай деген дарынды таптым. Көңіліндегілерді қағазға түсіре жүріп, өмірдің мәнін өлеңнен іздеген Дияра болашақта қазақ руханияты үшін аянбай еңбек ететініне сенімім мол. Жыр деп соққан жүрегің жүзге дейін дүрсілдесін!

Ержан Жұмабекұлы

PhD докторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

 

БІРЕУДІ КӨРДІМ

Кезегімен таңдар атар арайлы,
Жоқты неге адам бақ деп санайды?
Бастарына бақыт келіп қонса да,
Көріп қалдым шүкірсіздеу талайды.

Біреуді көрдім — жақсыларды күндеген,
Біреуді көрдім — ізгілікті білмеген.
Біреуді көрдім — мейірімге шын мұқтаж,
Біреуді көрдім — өз анасын тілдеген.

Біреуді көрдім — ойнап жүрген отпенен,
Біреуді көрдім — еш ісі жоқ көппенен.
Біреуді көрдім — аз нәрсесін бөліскен,
Біреуді көрдім — көп болса да жоқ деген.

Біреуді көдім — арман еткен шет елді,
Біреуді көрдім — қызық қылған бекерді,
Біреуді көрдім — ала таңнан әр күні,
Көрсем дейтін өзі туған мекенді.

Жатса дағы сан сүрініп құлап жүз,
Жол тапқысы келді біреу шырақсыз.
Біреулер жүр еcтісем деп азанды,
Енді біреу мүлде ондайға құлықсыз.

Біреуді көрдім — ғажайыпқа сенетін,
Біреуді көрдім — өзін жақсы көретін.
Өзімді де көрдім көптің ішінен,
Бір рет болсын жүгіргісі келетін…

Біреуді көрдім — қатты айдайтын көлікті,
Біреуді көрдім — әдет қылған желікті.
Біреуді көрдім — ойланатын әр ісін,
Біреуді көрдім — ақымақтау көрікті.

Біреуді көрдім — аяғыңнан шалатын,
Біреуді көрдім — шын жанашыр болатын.
Біреуді көрдім — шын қиналып тұрса да,
Өзгелерге көмектесе алатын.

Біреуді көрдім — әнші болған бал үнді,
Біреуді көрдім — асыға күткен әр күнді.
Біреуді көрдім — өмірге мынау өкпелеп,
Я Жаратқан алшы дейтін жанымды…

Біреуді көрдім — тепкіге алған тағдыры,
Біреуді көрдім — ішіне тұнған зар-мұңы.
Біреуді көрдім — іздер бақты байлықтан,
Біреуді көрдім — бақытты дер жарлыны.

Біреуді көрдім — армандайтын сәбиді,
Біреуді көрдім — мәңгідейтін фәниді.
Біреуді көрдім — ащы суды дос еткен,
Біреуді көрдім — мейірімсіз сәбилі.

Біреуді көрдім — дейтін елдер мақтасын,
Біреуді көрдім — жүрегін қалған тат басып.
Біреуді көрдім — жылы ұясын сақтаған,
Біреуді көрдім — ойрандаған отбасын.

Біреуді көрдім — араз болып біріккен,
Біреуді көрдім — араны кеп іріткен.
Біреуді көрдім —жүректерді тас еткен,
Біреуді көрдім — көңілдерді жібіткен.

Біреуді көрдім — дейтін көзге ұнайсың,
Біреуді көрдім — ту сыртымнан сынайтын.
Біреуді көрдім — сенімдерден шығатын,
Біреуді көрдім — тілекші болып жылайтын.

Жүре берсең көре береді екенсің,
Өзгелерге артпайықшы бекер сын.
Басқа қонған бағалатпайтын бақытты,
«Бір кем дүние» деген осы ма екенсің?

Таңданбашы естігенде мән-жайды,
Тағдырыңды жалғыз Алла таңдайды.
Жаратқанның жазымышы тұрғанда,
Адамдардың қалағаны болмайды.

Біреуді көрдім — ғажайыпқа сенетін,
Біреуді көрдім — өзін жақсы көретін.
Өзімді де көрдім көптің ішінен,
Бір рет болсын жүгіргісі келетін…

МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ МОНОЛОГЫ

О тағдырым, қатал едің сен неткен,
Жарым-жанмын, мүгедекпін мен әттең.
Мойымаймын бір мүгедек болсам да,
Тілдесемін ойнап-күліп көппенен.

Сыртым бүтін, ішім түтін алайда,
Мықты адамдар бірақ оған қарай ма?
Аллам маған сан сынақтар берсе де,
Жеңіп шығам барлығында қалайда.

Қай кезде де ұмытпаймын Алланы,
Өйткені ол жалғыз менің қорғаным.
Аяғыма нық тұрып бір шіркін-ай,
Асыр​ салып жүгірсем бір болғаны.

Ой мазалап кірпік ілмей түнімен,
Неге өзгедей болмадым деп түңілем.
Ақ бұлттардан биіктетіп арманым,
Көңіліме күн түсе ме шынымен?!

Өмірімнің өрсемдағы өрнегін,
Өзгешелеу қабылдайды-ау ел мені.
Жанарынан жан-дүниесін оқимын,
Деп тұрғандай «Сен бізбенен тең бе едің?».

Мағынасыз өтуде әр мұнар күн,
Жай-күйімді дәл өзімдей ұғар кім?
Жүре алмай зар илеген кезімді,
Дұшпанға да тілемейтін шығармын?!

Қамқоршым сен, жаным ана, жалғызым,
Тілеуімді тілер жылап әр түні.
Аяғыма тік тұратын болсам мен,
Ұмыттырам қайғы-мұңның барлығын.

Осыларды күліп еске аларсың,
Өтінемін, шыдай тұршы анашым.
Отадан соң аяғыма тік тұрсам,
Сол сәттерді шын бақықа баларсың.

Жан сырымды тек ішіме сақтадым,
Бірақ бүгін ақ қағазға ақтардым.
Ота егер сәтті өтсе әлі, ана,
Үмітің мен ақ сүтіңді ақтармын.

Демеушіміз Жаратушы Алла деп,
Менде төзем, сенде шыда соңғы рет.
Аяғыма тұрарыма сенемін,
Көп күттірмей таң атса енді болды тек.

Ес білгелі үзілместен күдерім,
Нық тұруды армандадым үнемі.
Алла жазса алыс емес ол күнде,
Таңды күтші атқақтамай жүрегім.

КЕЛШІ, АНА

Сыздап жаным, ауырады жүрегім,
Жақсылықтан еш үзілмей күдерім.
Жоқ сен мені тастамадың әдейі,
Сезем ана, түсінемін білемін.

Жан ұқпайтын қайғысы мен зар-мұңын,
Мейірімге жарымаған жарлымын.
Түн ауғанша терезеден көз алмай,
Күтуменен өткізетін әр күнін.

Езгілейді сені ойласам еңсемді ой,
Нұр жүзіңді шіркін-ай, бір көрсем ғой.
«Сағындым»- деп түсіме ылғи енгенше,
Кездесуге өңімде бір келсең ғой.

Кеше сені тағы тосып отырғам,
Бір нұрлы жан келе жатты осында.
Сен екен деп жүгіргенім сол еді,
Құлап қалдым қаным аз-ау расында.

Апай сонда келе қалды кенеттен,
Төпеледі мені де сол себептен.
Тіпті, ата-анаң тастап кеткен өзіңді,
«Ей, жетімек, мына маған керекпе ең?»

Қолдарымды көгертіпті ол менің,
Мұннан ылғи қорлық болды көргенім.
Ең тәртіпті бала болам сөз берем,
Мына жерден алып кетші сен мені.

Қатты ауырды көгерген жер кешегі,
Содан қолым шытынаған деседі.
Мекендеген сол баяғы үйімді,
Алмастырды аурухана төсегі.

Риза болдым ақ халатты ағайға,
Көңілімді таппақ менің қалайда.
Тән жарасын емдегенмен, амал не,
Жан жарамды жаза алмады алайда?!

Сезесіңбе, ауырғанын жанымның,
Күндіз-түні өзіңді ойлап сабылдым.
Келші, Ана, құшағыңа алшы енді,
Шын айтамын, сені қатты сағындым!

ҚҰСТАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ

Құстар қайтып барады топ-тобымен,
Неткен сұлу көрініс,
Неткен рең?
Естігенде қоштасқан сыңсуларын,
Түсініксіз бір күйге тап болып ем.

Сала алмайды ешкім де ойға құрық,
Қиялыммен алыппын айға шығып.
Бәрін тастап бірге ұшып кетсем бе деп,
Құстар-құстар барады қайда асығып?!

Жаз дәурені олардың тоналған ба?
Жылы жақа бой түзеп жол алғанба?
Ал жарайды , барыңдар қарсы алармын,
Сағынып туған жерге оралғанда.

Қанаттылар қайрылып қарамастан,
Қия алмай күңіреніп қарады аспан.
Амалым жоқ қоштасып менде қалдым,
Ақ жолында арманның сәл адасқан…

АНА ТІЛІМ

Ана тілім — ар ұятым, тағдырым,
Ана тілім — бар ілімнің бастауы.
Ана тілім — шам-шырағым, жарығым,
Ана тілім — асу бермес асқарым.

Ана тілім — баға жетпес қазынам,
Ақ сүтпенен дарығансың бойыма.
Сол арқылы алғаш рет жазып ән,
Әріп танып, қалам алғам қолыма.

Ана тілім — кеудемдегі жүрегім,
Тамырымда ағып жатқан қаным ол.
Тілімсіз мен қалай өмір сүремін,
Онсыз маған нұрын шашпас таңым мол.

Ана тілім — көкте жанған ай, күнім,
Ана тілім — мәңгілік мақтанышым.
Ана тілім — асқақ болсын айбының,
Қазақтығын Қазақтың сақтауы үшін…

НҰРЛАНДЫРАР ТҮНЕКТІ

Келмейтін еш күрмеуге,
Сөз — қасиет білгенге.
Сиқырлы кілт сияқты,
Көңілді ашар бір демде.

Жақсы сөз жарты ырысың,
Жандансыншы ұлы ісің.
Көркем сөйлей алмасаң,
Үнсіздік ең дұрысы.

Болар, бәлкім, сезбеген,
Тағдырың ғой сөз деген.
Жақсы сөйлеп жетерсің,
Мақсатыңа көздеген.

Арындаған бір арна,
Сөз тарамай тұрар ма?
Сөзге қарап бағаңды,
Береді естен шығарма.

Бірде қылса өр сені,
Кейде етер еңселі.
Сөз ауыздан шыққан соң,
Басқарады ол сені.

Сықырлатар сүйекті,
Емдейтін де жүректі.
Сөз дейтін ол құдірет,
Нұрландырар түнекті.

АДАМДЫҚ

І

Адамдық өлшенбейді көркіңменен,
Адам адам болады сертіменен.
«Адам көркі шүберек», — деп, жатамыз,
Мен адалдық адамдық көркі дер ем.

ІІ

Бірде маңдай тасқа тиіп, тілгіленіп табаны,
Өмір мынау сан сынаққа салады.
Адам болып туады адам анадан,
Нағыз адам адам болып қалады.

Біреу келіп жағамыздан тағы алды,
Енді бірі жасқа малды жанарды.
Адам болып туғаннан соң әу баста,
Кірлетпеген дұрыс шығар ақ арды.

Өмір деген — құлдырау мен биік шың,
Алмасуы қуаныш пен күйіктің.
Адам қылып әкелген Я, Жаратқан,
Адам болып өтуді де бұйыртшы.

КЕШІРЕМІН

Өткенді ала беріп есіме мың,
Өзгелерге тағайын несіне мін.
Сырттан сөгіп, аяқтан шалғанды да,
Бәрін-бәрін, бәрінде кешіремін.

Пендемін әлі талай көрері көп,
Өкпелеудің ешкімге керегі жоқ.
Жанды да кешіремін сатып кеткен,
Себебі оның еш бір себебі жоқ.

***

Біз жылаймыз-күлеміз, жабығамыз,
Өткен шақтың болады бәріде аңыз.
Алайда байқайсыз ба, жылдарды емес,
Ең аяулы сәттерді сағынамыз?!

Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Алып-ұшып еш жерге сыя алмаймыз.
Қайта айналып келмейтін айларды емес,
Тек бақытты шақтарды қия алмаймыз.

Жанымыз таппай тұрса сірә, тыным,
Күтеміз, қымбат жанның жұбатуын.
Бақытты біз аңсаймыз мәңгілікке,
Аңғармастан сәттерден тұратынын.

АНАШЫМ

Ана сөзі мейірімнің бұлағы,
Оның ылғи, жүректе ғой тұрағы.
Баласының жайын ойлап үнемі,
Жанарынан шуақ төгіп тұрады.

Бала десе алып-ұшып жүрегі,
Күн-түн демей шыр-пыр етіп жүреді.
Жанына оның қатты батар ауырсаң,
Қылығыңа шын көңілмен күледі.

Асыл анам, жанашырым қамқорым,
Әрқашанда сеніп, үміт артарым.
Гүлдей болып құлпыра бер әрдайым,
Саынышпен атар менің әр таңым.

Аялайды, мәпелейді баланы,
Құлынына арналады әр әні.
Ақ сүті мен бесік жырын сіңірген,
Ардақтайық, бағалайық- Ананы!

ЖАҚЫНЫҢА ЖАНАШЫР БОЛ

Өмірдің жолы шырғалаң,
Табандылықты сынға алар.
Сәтсіздіктерге сүрінбей,
Алдыға жылжы бір қадам.

Күлімдеп қара өмірге,
Атады таңың сеніңде.
Жетемін десең жеңіске,
Өзіңнен-өзің жеңілме.

Қоғамның сен бір бөлшегі.
Адамдық өмір өлшемі.
Бауырдан барды аяма,
Қолдасын сосын ол сені.

Біріңе-бірің тірек бол,
Тыныштық сыйлар жүрекке ол.
Аяғы тайып құласа,
Иығын көтер, сүйеп қал.

Барына сені балаған,
Сый-құрмет жаса анаңа.
Бақытты болғың келсе егер,
Қолыңда барды бағала.

Өмірдің мәні осында,
Ешкімді артық басынба.
Бақытты іздеп шаршама,
Ол жақыныңның қасында.

ӘЖЕМЕ

Жайнаған жасыл бағыңдай,
Жүресің қалай сағынбай.
Күлімдеп шығып алдыңнан,
Сипайды ылғи басыңнан.
Кем-кетікті жасырған,
Жақсылығыңды асырған.
Ғұмыр жасы әжемнің,
Ұзақ болсын ғасырдан.
Сүрінгенде демеген,
Әже неткен кемел ең.
Сағыныштан өзіңе,
Жыр арнады немерең.

****

Күн дидарлы көркемім,
Жарқын болсын ертеңің.
Шаңырақтың шаттығы,
Атасының тентегі.

Еркелетер әр күні,
Әжесінің алтыны.
Қызық әрбір қылығы,
Балбөбегім бал тілі.

Жақсы болсын жан-жағың,
Орындалсын арманың.
Қадамыңа құлыным,
Нұры жаусын Алланың.

Қосылды деп қатарға,
Қуанды анаң, атаңда.
Жолың босын, құлыным,
Өмір атты сапарда.

ЖЕҢГЕМЕ

Ырыспенен береке жүрген жері,
Күн секілді нұр жүзі күлгендегі.
Басын иіп сәлемін салған кезде,
Бата берген әулеттің үлкендері.

Ақ жеңгем жан ағама сеніп келіп,
Отырсың біздің үйге көрік беріп.
Аман жүр күліп-ойнап ортамызда,
Ағама мәңгі өмірлік серік болып.

Ақыл сұрай барғанда тартынбаған,
Жеңеше біле білсең алтын бағаң.
Бауырым жар таңдауда жаңылмапты-ау,
Ұнайды қарапайым қалпың маған.

Бабын тауып үйдегі анашымның,
Биік еттің ағамның бағасын тым.
Қыңыр қырсықтығымды көркемдеген,
Анашымнан кейінгі жанашырым.

Болғанменен кезінде үйі бөтен,
Орнаған ортамыздың сыйы бекем.
Ағамның асыл жары деп құрметтеп,
Бауырымның анасы деп сүйіп өтем.

Биік қойып өзінен азаматын,
Бабында ұстай білген қазанатын.
Иеленші ақ жеңгем қазағымның,
«Ару ана» дейтұғын ғажап атын.

Елжіретіп бәрінің ет жүрегін,
Қалдырмайтын елеусіз көп тілегін.
Бойдақтардың бәріне Жаратқаннан,
Жеңгемдей жан жолықсын деп тіледім.

***

Таңданыспа білдіреді күлкің нені?
Таңсықпа көңілімнің күрсінгені?
Шын ұнатып өмірде көрмеген жан,
Айтқызбай нақ түсіне білсін нені?

Тарылып кеуде тұстың тылсым демі,
Айыра алмай ай-жыл, күн-түндерді.
Сенде ғашық боласың бір күндері,
Сол кезде түсінесің мүмкін мені.

Арпалысып санаңда сағынышпен,
Ұмыта қою қиын тағы күшпен.
Көрсете алмай оның бәрін іспен,
Тілеп үнсіз жүресің бағын іштен.

Жүргізе алмай әмір жүрегіңе,
Жете алмай зар болып тілегіңе.
Бақ жана қалатындай міне-міне,
Таңырқайсың үзілмес күдеріңе.

Ерік бере алмастан сезімдерге,
Дүлейдей беймаза күй сезінгенде.
Сағыныштан еңсең шын езілгенде,
Түсінесің, таң ата көз ілгенде.

ЖҮРЕК СӨЗІ

Жүзіңізді көргенде күліп тұрған,​
Бой алдырдым сіз жайлы тұнық сырға.
Өмірге ризамын сіз арқылы,
Махаббаттың не екенін шын ұқтырған.

Жүрек кетті бір сәтке алмай тыным,
Білесіз бе, ол алдай алмайтынын.
Тағдырдың тартуынан айырылсам,
Сездіргендей бағымның жанбайтынын.

Жарқын бейне жанарымда жатталған,
Сізді ойласам қылаң берер тәтті арман.
Мүлде айрылғым келмейді екен сенсеңіз,
Өзіңіз бар ең бақытты шақтардан.

Мендегі арман өзіңізсіз еңселі,
Өзгелерге қимайды екем сенсеңіз.
Айдан алқа, жүзік тағып жұлдыздан,
Мәңгілікке жар етейін көнсеңіз.

***

Әппақ қар, әппақ сезім алып ұшқан,
Жаным жақын бір табан жарылысқа.
Өзіңді алғаш көрген сәттен бастап,
Айналып үлгергенсің сағынышқа.

Күлгенің, бар болмысың қандай жақсы,
Таңырқап мінезіңе таңдай қақтым.
Жүрісің аққу сынды көлде жүзген,
Сөздерің жанға жайлы балдай тәтті.

Көздерің көз тартады күлімдеген,
Тырысам ұғынуға сырын терең.
Мен жанды армандаушы ем өзің сынды,
Басқа жан жар қылыпты бұрын менен.

Сені көрсем күйге енем таңғажайып,
Шын ұнатқан көңілге салма айып.
Кешіктірген бар кінә уақытта да,
Кешіккен махаббатта барма айып?!

Білем, өмір өзіңмен байланбасын,
Басқа жанның бағына айналғансың.
Бұл жүрек бір өзіңе бақыт тілеп,
Ал, көңіл баяғыда жайланған шын.

***

Өмір дейміз таң атып батады күн,
Бір-біріне жаны ашып жатады кім?
Туған сәтте-ақ, маңдайға мөрленген ғой,
Көрер қызық, тағдырдан татар уың.

Көп адам жоқ нәрсені текке іздейді,
Еңбектеніп күн-айды өткіз мейлі.
Бұйырғаннан қашсаңда құтылмайсың,
Бұйырмаған қусаңда жеткізбейді.

***

Күңіренбе деп «Бақытым жырақта»,
Сына берме әркез келген сынаққа.
Саған нашар көрінген кей нәрсенің,
Жақсылығы бар көңілің ұнатқан.

Наразы боп Алла жазған үкімге,
Еш себепсіз жол бермеші күпірге.
Бұл бақыттың баспалдағы көп бірақ,
Ең әуелгі іргетасы шүкірде.

Өмір қатал, кейде аяусыз сынайды,
Қай кезде де ұмытпашы Құдайды.
Үміт үзбе бір Алладан ешқашан,
Жаратқанға шыдамдылар ұнайды.

***

Талқыға сап өзгелердің тағдырын,
Сынап-мінеп сөз етеміз барлығын.
Ал мен оның орынында болғанда,
Төкпес едім жанарымның жаңбырын.

Табатындай сол нәрседен бір бақыт,
Босқа жүрміз күнімізді ұрлатып.
Ойлаңызшы неге осы біз оданда,
Арнамаймыз жақын жанға бір уақыт?

Не ұтамыз өзгенікін түгендеп,
Біздің басқа түскенде сол күлер ме ек?
Не болады, жолымызды егерде,
Таңдап алып салар болсақ бір өрнек.

Жұмыр еттің сыбдырына құлақ сап,
Қойып алға үлкен, айқын бір мақсат.
Шырақ алып дәл сол жолда ізденсең,
Жететінің сөзсіз күткен мұратқа.

Жүре бермей өзге өмірді дәріптеп,
Еңбегіңмен өз жолыңды жарық ет.
Құр қиялмен жанбай жатып сөнгенше,
Арманыңмен бірге өртенде жанып кет.

ҰСТАЗДАР БОЛАШАҚТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ

Шуақ төгіп жүзінен күндей күлген,
Шырақ болған шәкіртке «кім»-деймін мен.
Ұстаздар салып берген сара жолын,
Балаға оң мен солын білмей жүрген.

Үйретуден балаға жалықпаған,
Ақылы ұл мен қызға бағыт болған.
Сан ұстаздың елеулі еңбегінен,
Сансыз жан басты өмірге тауып қадам.

Көтерген еркелігін әр баланың,
Парасат, пайымына таңданамын.
Бір бала алға шығып дара шапса,
Беретін қолдауымен жанға жалын.

Ұстаздар аяулы жан, дара тұлға,
Баланың демейді әркез қанатынан.
Ұстаздар болашақтың баспалдағы,
Баланың бақыты үшін жаратылған.

ДОСТЫҚ ЖАЙЛЫ

Достық жайлы сұрады бүгін менен,
Достық деген киелі ұғым дер ем.
Басыңа бұлт үйіріле қалса егер,
Достарың Күн боп келер күлімдеген.

Қуанышта жүретін құрақ ұшып,
Дос дегенің көңілдің шырағы шын.
Дос серігің, сырласың, ақылшыңда,
Тоғыстырған тағдырдың бір ағысы.

Бөлісетін қолдағы бар асылын,
Жан досың жалғандағы жанашырың.
Дүниең айналаңа дос жинайды,
Ал сынақ, көрінісі бағасының.

Бағың жанса бағының үлесі артып,
Адал досың жүреді күле шалқып.
Қадіріңе жетпейтін жақыныңнан,
Жаныңда жүретін дос мың есе артық.

Жақыныңа айналса жатта бұлай,
Жолың болды, Жерден бақ тапқаның ғой.
Иттердің дос болғаны қандай жақсы,
Достардың иттігінен сақта Құдай.

ЖЕЛІДЕ БӘРІ БАҚЫТТЫ

Өзгерген жаңа заман ә,
Алшақтық салған араға.
Телефонына телмірген,
Ұлы да, қызы, ана да.

Желіде жайлы баспанаң,
Желіде дәмді асханаң.
Күллі әлем шынайы өмірді,
Секілді айырбастаған.

Көз тоймайтұғын қараса,
Қызықтырады балаша.
Желіде бәрі бақытты,
Желіде бәрі тамаша.

Жымиып тұрып, күліп кеп,
Бәріде әлек үгіттеп.
Бірінен пайда бары анық,
Бірінен мүлде үміт жоқ.

Желіде жұрттың назары,
Таласып пікір жазады.
Сонда тұр сәттер қуанған,
Сол жерде кездер азалы.

Жылаймыз сонда күлеміз,
Онлайнбыз үнемі.
Жүргенін кімнің не істеп,
Сол жерден оңай білеміз.

Сенің де кетпей үлесің,
Өзгемен ойнап-күлесің.
Бөлісіп басқан адымды,​
Кім үшін өмір сүресің?..

ҚАРТ ҚАЗЫНА

Жүзі жылы, жымиған мейірлі өңі,
Даладай кең, тап-таза пейілдері.
Даналығын дария, теңіз дерсің,
Сусындаса қанатын кейінгі елі.

Жолың түссе жасайтын сыйы әдемі,​
Тарбағатай тағдырдың куәгері.​
Сұлу жүзін жасырған әжіміне,​
Тереңірек үңілсең ұғар едің.​

Бойға сіңір барында өнегесін,​
Сол кезде ел ішінде еленесің.​
«Қарт қазына» бағасын білген жанға,​
Батасын алып үлгер көгересің.

ЛАУРА ӘПКЕГЕ

Жүзі жаз, көңілі көктем,
Мінезі үлгі ғой көпке.
Жүрегі даладай дархан,
Ізгілік дәнегін сепкен

Парасат пайымы дара,
Жақсы ұстаз , аяулы ана.
Білмеген жайды сұрасаң,
Үйретер жымиып қана.

Жақсылық ылғи тілері,
Тура жол сілтер үнемі.
Мен ылғи алғыс айтатын,
Аяулы жанның бірі еді.

Ортаймай сырлас досыңыз,
Жүзге кеп ғұмыр жасыңыз.
Ұл мен қыз немерелермен,
Бақытты ғұмыр кешіңіз.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТӘТТІ ҰҒЫМ

Жадымызда сол қаралы күнгі ызғар,
Көгімізден сөнді қанша жұлдыздар.
Қанша боздақ жер жастанды жазықсыз,
Қанша ана айырылды ұл-қыздан.

Қанға бояп Алматының алаңын,
Қаншама жан жасқа малды жанарын.
Нұры тайып жүздердің,
Гүлі солып даланың,

Дәл бүгінгі жақты азаттық алауын.
Елім тыныш, көңілімде шат бүгін,
Сансыз жұлдыз шырақ​ болып жақты Күн.
Қан мен жанның құныменен өтелген,
Тәуелсіздік ең аяулы тәтті ұғым.

Ол күндердің өшпес мәңгі алауы,
Әр жүректе шырақ болып жанады.
Тәуелсіздік сендерге енді аманат,
Бойжеткен қыз, ер жеткен ұл саналы.

МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, ҰСТАЗЫМ

Тәлімі бөлек орыны ерек асыл жан,​ ​
Биіктетіп әркез бағамды ылғи асырған.
Биязы мінез, салиқалы әрі сабырлы,
Еліктеп өстім, өзіңе рас жасымнан.
Әр шәкірт келіп сіңіре берер керегін,
Тұла бойыңды тұнған өнеге дер едім.
Шәкірттеріңді жайқалып тұрған «Гүл» — десем,
Шуағын төккен өзіңді «Күнге» теңедім.
Қатемді түзеп, жетістігімді елеген,
Сүрініп кетсем, сөзімен сүйеп демеген.
Өмір жолында өзіңдей ұстаз жолыққан,
Бақытты жанмын не деген.
Жаныңда өтті балдырған бала шақтарым,
Айтқандарыңды санамда мәңгі сақтадым.
Білемін ұстаз еңбегің барын сеніңде,
Бұл күнде менің аспандап жатса мақтауым.
Тәлімің сенің мендегі берік ұстаным,
Жойылмай жігер еңсемді биік ұстауым.
Төгілген тер мен өтелмес еңбектер үшін,
Мың алғыс саған, сың алғыс саған ұстазым.

Дияра Миранқызы,

Қаратау қаласы