Өзімнің орыс тілді қазағымнан қорлық көрдім

«Әрине, кеңес үкіметі уақытында аға ұрпақ тап болған қиыншылықты біз көрген жоқпыз, бірақ бір шетін мен де мектеп қабырғасында байқадым деп ойлаймын, өзімнің орыс тілді қазағымнан…», — деп Бақыт мектеп қабырғасында басынан өткізген оқиғаны әрі қарай жалғастырды: «Бала кезімде туып-өскен ауылымыздан нағашымыздың ауылына көштік, ол ауыл әбден орыстанып кеткен екен, тіпті қазақ сыныптары жоқ, әйтеуір мектеп директоры маған сынақ мерзімін белгілеп, анама: «қызыңыз егер белгілі мерзімде сынақтан өтсе ғана, мектепте қалдырамыз», —  деп шарт қойды. Ойлау қабілетім барлығы қазақша еді, үйтіп-бүйтіп әйтеуір өттім ғой директордың сынағынан, мектепте қалдырды.

Тілімді сындырып, күні-түні сабаққа дайындалдым, түнжарымда сабақ оқып отырып жылаймын-ау шешеме: «түк түсінбеймін, қалай қиын, ертең сыныптастарым тағы менің айтқан сөздерімді мазақ етіп күлкіге айналдырады ғой» деп. Сол берілген мерзімде қатты күйзелісті басымнан өткердім, сынақтан өте алмасам директор мені мектептен «орыс тілде сабақты меңгере аламадың», — деп шығарып тастайды ғой деген оймен қатты қобалжып, түнде сабақ миыма қонбай жатқанда анама жылап, көз жасымды ағызып талай түнді өткіздім. Сонда мені сайқымазаққа айналдыратын өзге ұлт  өкілінің балаларын қоя тұрыңыз, өзімнің қара домалақ қазақ сыныптастарым, мұғалімдерім, бар жазығым – орыс тілінде акцентпен және қате сөйлеуім болды. Өз басым,  тілі дұрыс келмей жатса да қазақ тілінде өзге ұлттың аузынан сөз естісем, қуанып қалам.

Отбасымызда даладан кірдің бе, бітті, үйде әке-шешем тек ана тілімізде сөйлететін, өзге тілде сөлесең сөгіп тастайтын, кешке таман үйімізде анам түрлі аңыз-ертегілер оқитын, әсіресе ұнатып тыңдайтыным  —  батырлар жыры болатын. Анам  — суырып-салма ақын, әнші, шіркін дауысы қандай зор, әдемі еді…

Кейін Тоғайбай ағайымыз шырылдап жүріп, қазақ сыныбын ашқызды. Ол кісі сол кезде мектепте тарих пәнінен сабақ беретін, өзі – танымал журналист. Орыс сыныбында жүргенде санамызды әбден қатырып тастаған Нина Александровна атты коммунист мұғаліміміздің кесірінен тіпті ойымызды ашық айтудан қорқып, еркін ойлаудан қалған біздерді Тоғайбай ағайымыз құтқарған.

Орыс сыныбында әбден басылып қалдым, тілімде шатасып мәңгүртке айнала бастағандай болдым.

Мектепте мұғалімдерім жай ғана сөзге тілім келмей, сөзді дұрыс атамағанымның себебінен талай бағамды кеміткен кездер болды, бұл он төрт жастағы бала үшін үлкен әділетсіздік еді…».

Кейбір қазақтарымызбен қазақ тілінде сөйлессең бетіне менсінбей қарап, әдейі орыс тілінде жауап береді, түсінбейтінім сол іс-әрекетін бір күшті деп санай ма?!

Ана тілімнің еліміздегі мүшкіл жағдайы – өз қазағымның оны құрметтемей аяққа таптауы, ардақтап бағаламауы… бұл жерде өзге ұлттан: «неге сөйлемейсің?»  деп кінә іздеудің қажеті жоқ, өзіміздің қазағымыз ана тілін сыйлап, тілге жаны ашымай еш нәтиже шықпас… Орысты айтпақшы, шетелден келген бір қандас бауырым: «Әй қазақтар «что сказал?» «Не понимаю?» деп орысша міңгірлеп жүргенде, сендердің орыстарың қазақ тілін баяғыда меңгеріп алған ғой, жуырда аялдамада тұрсам, бір орыс жақындап, өз тілінде бірдеме сұрады, мен оған: «кешіріңіз сіздің тіліңізді түсінбеймін» десем, бір кезде әлгі маған тап-таза қазақша сөйлеп әкетіп барады», — деп күлді. Кешегі Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессің», — деген сөзінің саясаты қайда қалды?

Мен қазақ болып туғаныма мақтан тұтам, мен үшін бұл Жаратушының берген маған бір сыйындай, жалпы бұл өмірде қазақтан басқа өз тілін бағалап, сүймеген ұлтты кездестірмеппін де, көрмеппін…

Қымбат Керейбай

Abai.kz