Пәндерді біріктіру, тағы да қоғамды дүрліктіру болып жүрмесін
Білім саласы Тәуелсіздігімізді алғалы бері «тәжірибе алаңына» айналды десек, артық айтқандық емес. Балаларымыздың миы ашып, оқуларының қиюы қашқалы қашан. Әр министр келген сайын жаңашыл болуға тырысып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей бүйректен сирақ шығарғандай бір тосын ойды ешкіммен ақылдаспай оқу бағдарламасына енгізіп кеп жібереді. Момын мұғалімдер, жағымпаздар «Мынау деген ғажайып жоба ғой!» деп, оның мән-мазмұнына үңілмей қабылдайды. Оны баланың жан дүниесі қабылдай ма, қабылдамай ма немесе ұлттық идеологиямызбен қабыса ма, қабыспай ма, оларға бәрібір сияқты. Ал сонда мынау Әділетті Қазақстанымызда рухты, намысты, еркін етіп ұрпағымызды тәрбиелеуді кімдердің қолына табыстап, сеніп отырмыз?
Міне, ең қорқынышты нәрсе осы! «Назарбаевтың тұсында қазақ рухы мен иманынан айырыла жаздады» деп Мұхтар Мағауин ағамыз айтқандай, ұрпақ тәрбиелеуді кері жүргізуге арнайы қасақана саясат жүргізілгені анық. Мәселен 2000 жылдары Үкімет тарапынан мынадай ұсыныс түсті. Болашақта мектептердегі алтыншы сыныптан жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі екен. Әзірге бұл тәжірибе (эксперимент) ретінде үш мектепте жүзеге асырылмақ. Бұл мәселенің жақсылық жағын қанша ойласақ та бұған көзіміз, миымыз жетпеді. Бұл, біздіңше, қазақ тіліне тікелей шабуыл деп ұқтық. Ау, өзіміздің тіліміз тұрғанда мектепте жат тілді қолдануымыз қай сасқанымыз? Осы әділетсіздікке шыдамай біз газетімізде («Ана тілі») «Қазақ тілінің тамырына балта шабылмақшы» деп дабыл қақтық. Міне, сол кезде бізді дүйім халық қолдады. 100 мыңдаған қазақ үдере көтеріліп, хат жазып, газетімізде жарияланып жатты. Үкімет тәжірибе жасауын тоқтатты. Бірақ ұмыттырып барып Үкімет жымын білдірмей он бес жылдан кейін сол кезде қорқып кіргізе алмаған жымысқы ойын, кертартпа жобасын жүзеге асырды. Миллиондаған қаржы бөлінді. Бірақ ол жоба жүзеге аспады. Кінәлі министрлер жазаланбады. Бюджеттен бөлінген қаржының есебі сұралмады.
Біз де анда-санда «Мектеп тәжірибе алаңына айналмасын!» деп айқайлап қойғанымыз болмаса, ол оқиғаларды ұмытқансыдық. Халық та (оның ішінде мұғалімдер де) ұйқылы-ояу халге түсті. Жақында бізді селт еткізген соған ұқсас жағдайды министрлік тағы да жұрт назарына ұсынды. Ол жобада алгебра мен геометрия, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері бір пән ретінде оқытылмақшы екен. Сондай-ақ биология, химия, физика бірігіп, жаратылыстануға айналмақ. Қызық па, шыжық па? Алайда ол жаңалықты өмірге енгізу үдерісінде мұны жүзеге асыру әр мектептің еркіне берілмекші. Мұндайда адамдар «қуасың ба?» деп бүйірден сұрақ қояды. Сонда бір мемлекетте тұрып әр мектеп әрқилы жобада жұмыс істей ме? Әзірге бәрі аң-таң. Әдетімізше әлеуметтік желіге үңілдік. Мамандар, мұғалімдер мұны құптамай жатыр екен. «Бұлардың әрқайсысы өзінше сала емес пе? Мұнысы несі? Мазмұндық жағынан да үйлеспей тұр ғой. Бір мұғалім осы салаларды бір пән ретінде қалай оқытады? Оқушылар қалай қабылдамақ?» деген сауалдар қойып, министрліктің мұнысын құптамай отыр. «Мектепті тәжірибе алаңына айналдыруды қойсаңдаршы!» деп, біз де құп көрмедік. Ал сіз ше?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ