Парасат биігіндегі ұстаз
Бүгінгі жаңа Қазақстанның дербес даму жолын таңдау кезеңінде кез келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарылығы, білім беру сапасы, дүниежүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің білімі мен ғылымының даму деңгейімен анықталады. Себебі еліміздің көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Сол өркениетті жасайтын да, білімді беретін де, тұлғаны қалыптастыратын да – ұстаз!
Кез келген саналы адамның алдында мектеп бітіргеннен кейін мамандық таңдау туралы шешім қабылдау қиын болатыны хақ. Сондай арман қуып Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтының «Орыс тілі мен әдебиеті», «Педагогика» мамандығын таңдап оқуға түстік. Тобымызда 25 студент болды. Алғаш рет Мария Естайқызы Мыңайдарованы біз сол институт қабырғасында кездестірген болатынбыз. Тиянақты, білімді, алғыр жас оқытушыны біздің тобымызға куратор болып тағайындаған болатын. Мария Естайқызы өзіне артылған жауапкершілікті абыроймен атқаруға кірісті. Күнделікті сабақ барысын қадағалау, студенттердің тәрбиелік маңызды іс-шараларға қатысуларын, білімдерінің бағалауын қадағалау және тағы да басқа міндеттерді ең бірінші кезекте қарастыратын. Жас оқытушы өз студенттерінің құрдасы ретінде олармен тіл табысып, үлкен сенімдеріне ие болды. Студенттермен бірге колхозға қызылша жинауға, экскурсияға бірге барып, өз ойларын еркін жеткізуге себепкер бола білді.
Ол педагогикалық мамандықты жүрегімен қалап келгендіктен әр ісі, атқаратын қызметі соған сай болды.
Мария Естайқызының бұл қасиеттерін жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ауырып қалған жағдайда, сабақты жүргізуге толық сеніп тапсыратындары дәлел.
Мақтаныш, жауапкершілік сезімі жас мұғалімді әрқашан қанаттандырды! Педагогикалық институтта оқыған жылдары тез өтті… Кафедра, факультет басшылығы Мария Естайқызының оқудағы белсенді өмірлік ұстанымы мен жетістіктерін жоғары бағалады. Институт қабырғасында «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының үздік студенттерінің бірі ретінде кеңес заманындағы ең беделді марапаттың бірі – В.И.Ленин атындағы стипендия иегері атануы болды.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін педагогикалық қызметін Мария Естайқызы арнайы кафедралардың бірі – орыс тілін оқыту әдістемесі кафедрасында оқытушылық қызметтен бастады. Оқытушылық қызметті үлкен жауапкершілікпен атқара жүріп, ғылыммен айналысты. 1994 жылы Мария Естайқызы кандидаттық диссертация тақырыбын бекітіп, оны Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің Диссертациялық Кеңесінде сәтті қорғап шықты.
Мария Естайқызы «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасын 26 жыл басқарды! Бірақ ол кісі өнегелі еңбегімен, тындырымды ісімен және қарапайым да парасатты мінезімен әрдайым кафедраның әр қызметкеріне жеке-жеке көңіл бөлді, сонымен қатар, кафедра оқытушыларының туыстары да одан кеңес күтетін. Осылайша, үй психологы мамандығын игеруге тура келді.
Өзінің сарқылмас энергиясының, ынта-жігерінің арқасында кафедрада магистратураны, содан кейін 8D01702 – «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша докторантураны ашады.
Кафедра жұмысының ең күрделі бағыттарының бірі – студенттер контингентін қалыптастыру. Бұл жұмыс бойынша да Мария Естайқызы үлгі бола білді. Ол демалысын қашан толық пайдаланғанын еске түсіру қиын дейді, өйткені кезекті демалысын күн сайын қабылдау комиссиясында өткізді. Оның ұйымдастырушылық талантын, бірегей педагогикалық тәжірибесін жоғары оқу орнының басшылығы жоғары бағалады. Мария Естайқызы ұзақ уақыт бойы жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесінің мүшесі болды, құрылымдық бөлімшелердің тексерулерін басқарды, институттың стратегиялық даму жоспарын қалыптастыруға белсенді қатысты. Көп жылдар бойы білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттіктің ұлттық сарапшысы болды, ол ешқашан өз алдына жоғары оқу орнының қандай да бір білім беру бағдарламасы бойынша жұмыстың мәселелерін, кемшіліктерін ғана ашу міндетін қоймайды, оған ең бастысы – әріптестеріне тиімді кәсіби көмек көрсету.
Қазір аталмыш кафедраның профессоры, болашақ мұғалімдерді даярлауда ерекше орын алатын «Заманауи мұғалімнің кәсіби бағдарлары» курсынан студенттерге дәріс оқиды.
Өзіңнің кім екеніңді ұстаздарыңнан танисың дегендей, студенттер Мария Мыңайдарованың институт, факультет құрылуының бастауында тұрған барлығымыздың ұстаздарымыз С.Василенко, Н.Сивкова, Т.Понеделко, Ж.Оспанов, Д.Оспанова және тағы да басқа ғалым-филологтардың өздерінің сүйікті ісіне жанқиярлық қызметімен қалыптастырған тұлға туралы әңгімелерін ерекше сезіммен тыңдайды.
Мұғалім үшін уақыт деген – бұл ерекше философиялық категория. Ол педагогикалық және тәлімгерлік шеберлікті арттыру үшін жұмыс істейді.
Мария Естайқызына ұзақ ғұмыр, жаңа көкжиектер, жаңалықтар, жетістіктер тілейміз!
Лескүл ИБРАИМОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.