Парасаттылық сағаттары патриоттыққа бастайды
Қоғамның қалтарысында қылаң беріп, өркениетке бастаған жолға кедергі келтіретін жегі құрттай жемқорлықпен күрес кесапаттың алдын алудан басталады. Әсіресе, үлкен өмірге енді қадам басқан жасөспірімдердің бойында сыбайластыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті тек орын алған жайттарды зерттеп, жауапқа тартуды ғана көздемей, алдын алу шараларын да жіті қолға алған.
Жақында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйінде «Парасатты тұлға – адал қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында Ted-x форматында конференция ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан жастарға жемқорлық әрекетінің тигізер кесапатымен қоса, ондай әрекетке барған адамға берілетін жазаның да ауыр екендігі туралы айтылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» мекемесінің басшысы Алмат Садуақас қоғамда орын алатын тұрмыстық жемқорлықтың көбісі азаматтардың өз құқықтарын жетік білмеуінен болатынына тоқталды. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын айтып, оларды сапалы білім алуға шақырды.
– Қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру бағытында департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, ұйымдастырылатын көпшілік іс-шаралардан гөрі әр адамның өз жеке ой пайымының салмағы басымырақ. Елімізде жемқорлықтың түбегейлі жойылуы әрбіріміз өз үлесімізді қосқанда ғана жүзеге асады. Сондықтан, бәрін де өзімізден бастағанымыз абзал. Жастар арасында өткізілетін адалдық сағаттары, сыбайластық әрекеттерге қарсы іс-шаралар жасөспірімдердің бойына патриоттық тәрбиені сіңіруді мақсат етеді, – деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев жиналғандарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы кешенді шаралар туралы хабардар етті.
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының студенттік парламент төрағасы Данабек Мұратов замандастарын пікірлерін ортаға салып, ортақ іске жұмылуда белсенді болуға шақырды. Білім алумен қатар, қоғамдық іс-шаралар мен түрлі конкурстарға қатысып, мүмкіндікті барынша пайдаланып, ой танымын жан-жақты жетілдірудің болашақ мамандар үшін маңызды екеніне назар аудартты. Аталған институттың Тәрбие және жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа өз сөзінде жетістікке жетудің жолдарымен бөлісті. Әлеумет арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Саналы ұрпақ» клубы аясында өткізілетін қоғамдық іс-шараларға қатысудың маңыздылығын тілге тиек етіп, тұлғаның жан-жақты жетілуіне отбасындағы әкелердің ықпалы туралы сөз етті.
Осындай мақсатты көздеген тағы бір іс-шара Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткізілді. «Парасат жолы – адалдық жолы» тақырыбында өткізілген брейн-ринг интеллектуалды ойыны «Саналы ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылып, студент жастардың ақыл-ой тапқырлығы мен жылдамдығын бақылау және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға негізделді.
Ойынға колледждің түрлі факультеттерінен «Stopcor», «Cherry blossom», «Жалын» және «Wi-Fi» топтары қатысып, «Әділетті Қазақстан», «Қазақстан тарихы», «Кино әлемі», «Сазды әуен» бағыттарындағы түрлі сұрақтар мен ситуациялық жағдайларға жауап берді. Аталған байқауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев пен колледж директорының құқық жөніндегі орынбасары, комплаенс-офицер Ұлбике Жұмаділова төрелік етіп, әділ бағаларын берді. Интеллектуалды ойын қорытындысы бойынша «Stopcor» командасы жоғары ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Қатысушыларға естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА, Тараз қаласы