Парламенттің жаңа құрамын үлкен сынақ күтіп тұр!

                

ҚР Парламенті мәжілісі сайлауында ел тарихында бірінші рет 6 партия бақ сынады. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, елдің көз алдында жүрген, мәжілістің бұған дейін де дәмін татқан үш партия қарсыластарынан қара үзіп келді. «Нұр Отан» партиясы 82 пайыз дауыспен халықтың  қолдауына ие болса, «Ақ жол» мен «ҚХКП» партиялары өздерiне тиесiлi 7 пайыздық межені бағындырды. «Ауыл», «Бірлік», Жалпыұлттық социал демократиялық партиялары» ел сеніміне ие бола алмады. Тек сайлау уақытында ғана бой көрсетіп, қалған мезгілде шабандық танытатын іс-қимылдары оларға өз жемісін берді. Есесіне Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 9 депутаты мәжілістің мандатын еншіледі. Осылайша Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дық мерейлі белесін еліміз жаңа құрам­дағы Парламентпен қарсы алды.

 26 наурыз күні  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, VI шақырылған ҚР Парламенті бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы депутаттарды Мә­жі­ліс жұмысының басталуымен құттық­тап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екеніне тоқталды.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жа­һан­дық даму тұрғысынан аса күрделі ке­зеңге сәйкес келгенін, әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз депутаттарға зор сенім артып отырғанын да қадап айтты.  «Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі. Бұл сайлау ерекше өтіп, халықтың белсенділігін көрсетіп берді. Бүкіл дүниежүзіне біз осы жылдар ішінде заңды, ашық түрде баламалы сайлау өткізе алатынымызды дәлелдедік. Дүниежүзінің сарапшыларынан да, байқаушыларынан да оң баға алдық. Бұл да біз үшін зор жетістік болып саналады,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Парламенттің жаңа құрамына үлкен сенім артып отырғанын білдірген елбасы ойын былайша өрбітті: — «Бүкіл әлемде көп өлшемді және көп деңгейлі дағдарыс белең алып тұр. Бі­ріншіден, әлемдік сауда және қаржы нарықтарына болжам айту қиын. Ол қазақстандық экономикаға теріс әсер етеді және Қазақстанның жаһандық эко­но­­микаға қосылуының объективті тәуе­келінің бағасы болып табылады. Екін­шіден, тіпті, салыстырмалы түр­де қо­лайлы елдердің өзінде де түрлі әлеу­мет­тік проблемалар түйіндері өсе түсуде. Ол жұмыссыздықтың өсуімен, тек әс­ке­ри дау-жанжалдар аймағында ғана емес, соны­мен бірге, жаһандық эко­номи­­калық дағ­дарысты бастан өткір өткізіп жат­­қан мем­лекеттердегі босқын­дар­дың жаңа жа­һандық проблемасымен де өрши түсуде. Бүгінде, бүтіндей алғанда, әлем дамуы күрделі сатыда тұр. Экономикада да, гео­саясатта да ешкім үшін қарапайым шешім­дер болмақ емес. Бұл тұрғыда қан­дай да бір қиялдарға барудың қажеті жоқ. Ашығын айтайын, безбенделген мем­лекеттік шешімдерсіз, өткен 3 жыл­да қабылданған жаңа заңдар мен стра­­тегиялық бағдарламаларсыз ахуал бүгін­де әлдеқайда шиеленісті бола түсер еді. Оның біздің стратегиялық мақсат­тары­­мызға да және «2050» Страте­гия­сы­­ның, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­­ламасының, Ұлт Жоспарының және бас­­қа­лардың тактикалық міндет­теріне де қатысы бар, деп атап көрсетті Пре­зидент.

Осылайша мәжілістің су жаңа депутаттарына алда атқарылар қыруар жұмыстың шетін шығарып, босаңсуға, немкеттілікке жол жоқ екенін айқындап берді.

Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекеттік аппаратты меритокра­тия жағдайында қандай да бір көлең­келі жағдайларсыз және жеке бас қалауын­сыз жұмысқа ынталандыратын шаралар туралы айта келіп, командалық ауысу мәселесіне ат шалдырды. «Егер өткен жылдың 3 айында 1722 шенеунік ауыс­тырылса, биылғы жылы – небәрі 90 адам. Тең мүмкіндіктер жүйесі ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі бекітілді. Мемлекеттік қызметке ең білікті және сауатты мамандарды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік орын алмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табатын болады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністері алдына жаңа тосқауылдар қойылды. Мемлекеттік қызметті реформалау әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қайта аттестаттау жүргізуге байланысты шешуші сатыға шықты, деп бір қайырды.

Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесіндегі ашықтық және кәсібилік жөнінде  де өрелі ойлар айтылды. Денсаулық сақтаудың жаңа мем­ле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны жайлы да нақты дәлелдер келтірілді.

Мемлекет басшысы келесі жыл­дан бастап-ақ елімізде кезең-кезеңімен үштілді білім беруді енгізу басталатынын атап көрсетті. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетіні белгілі болады. Сондай-ақ, әр мектеп бітіруші алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алатыны нақтыланды. «Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Жер шары халқының 50%-ын «цифрлық балалар» құрайтын болады. Мектеп оқушыларының жаңа буынына толықтай цифрлық әлемде өмір сүру, оқу және жұмыс істеу бұйырмақ. Сондықтан, мек­теп­терді ақпараттандыруды жалғас­тыру қажет. Мұнсыз білім беруде жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. 2,5 мың мектеп қазір­дің өзінде Интернетке қосылған. Тағы 1500 мектепті қосу үшін қаржы бөлінген. Көптеген елдердің үкіметтері осы мәселені өздерінің бақылауларында ұстауда. Бізде де солай болуы тиіс. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп барлық мектептерде Интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл арада ұлт­тық операторлар әлеуметтік жауап­кершілік танытып, мектептер үшін арнайы тарифтер ұсынулары тиіс» деді президент.

Елбасы сөзінің соңында VI шақырылымдағы Парла­мент депутаттары алдында заң шығар­у секілді  маңызды міндет тұрғанын тағы бір естеріне салды. «Мәжіліс депутаттары заң шығармашылық үдерісте Парламент Сенатымен конструктивті өзара іс-қимыл таныту дәстүрін жалғастыратынына сенімдімін. Мәжіліс өкілеттілік ететін барлық кезеңде заң шығар­машылық жұмыстың Перс­пективті жоспарын жасау маңызды міндет болып табылады. Жаңа жағдайларда тұтастай Пар­ламенттің және оның әр па­латасының жалпысаяси рөлі мен жауапкершілігі артатынын ерекше атап өткім келеді» деді. Президент сөзін аяқтаған соң Пар­ламент Мәжілісінің VI шақы­ры­лымының және Сенат­тың аралық кезеңдерінде тағайын­далған депутаттары Қазақстан халқына ант беріп, оны халық атынан Президент қабылдады.