Партия бақылауға алады
«NurOtan» партиясы Павлодар облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтті.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко алдымен жаңадан тағайындалған бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенконы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Әкімбековты таныстырды.
Жиынның күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе партияның аумақтық филиалдарының бақылау комиссиясының жұмысын жандандыру. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстар жөнінде белгілі бір уақытта есеп беріп, оны талқылап отыру керек деген ұсыныстар айтылды. Содан кейін партиялық бақылау желісі бойынша есеп және статистика секторларындағы заң бұзушылықтар сөз болды. Ескертулер мен заң бұзушылықтар саны бойынша Екібастұз қаласы мен Железин ауданы алдыңғы қатарда тұрғаны аталып өтілді. Бұл ретте Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзаипов осы мәселені егжей-тегжейлі қарай отырып, «Nur Otan» партиясы Екібастұз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нияз Макраевты партиялық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді. Оған Н.Макраевтың партия басшылығы берген тапсырмаларды жүйелі түрде орындамағаны себеп болып отыр.
«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченконың сөзінше, партияның орталық аппараты берген тапсырмаларды жүйелі түрде атқарып келе жатқан филиалдар да баршылық. Мысалы, Ақтоғай және Аққулы аудандық бөлімшелері басшыларының белсенділігі мен жоғары кәсібилігін атап өтті.
— ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде жергілікті партия ұйымдарының жұмысын күшейту қажеттігін атап, «Нұр Отандықтарға» үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан да, бас партияның қатарында білімі мен тәжірибесі қатар өскен белсенді азаматтар болуы керек, — деді И.Теренченко.
Сондай-ақ, жиын барысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Құтты мекен» ұлттық жобасының нысандарында қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылауға алу қажеттігі айтылды.
Тілеуберді САХАБА