Патриотизм ұғымын қалай түсінеміз?
Патриотизм ұғымы өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімін білдіреді. Патриотизм – отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен басталмақ. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады деп түсінеміз. Патриотизм мәселелері жаңа мемлекеттердің құрылуы, ұлттың қалыптасуы, ұлт-азаттық қозғалыстар мен соғыстар кезінде ерекше мәні өзекті де саяси сипатқа ие болады. Жазушы Н.Г.Чернышевский «Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа да опа бермейді» деген болатын. Шынымен Отаны үшін отқа түсіп, ыстық-суығына күймеген адамнан қандай патриот шықпақ?
Патриотизм дегенде есімізге елімізді, жерімізді қорғаған батырларымыздың ерлігі келеді. Сонау жаугершілік заманда күрескен батырларымыз, Отан соғысы кезінде жанын қиған ата-апаларымыз, Желтоқсан оқиғасына қатысып, тәуелсіздік үшін күресіп, алаңда қанға боялған өрімдей қыз-жігіттеріміздің ерлік істері нағыз патриотизм дер едік. Өйткені олар үшін ар мен намыс бірінші орында болды. Міне, патриотизм туралы тілге тиек етсек, алдымен ерлікпен қаза тапқан қаһармандарымыз туралы көбірек айтып, насихаттауымыз тиіс. Біз болашақ жастарға өткеніміз арқылы, яғни олардың өмір жолы жайлы көбірек айтып, патриоттық сезімдерін оята аламыз. Қазір еліміз бейбіт жолмен өркендеп дамып келеді. Шағын мемлекетіміз Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Біз келешек ұрпақтан үлкен үміт күтіп, өз елі үшін жанын беруге дайын патриот жастарымыздың өсіп келе жатыр деп сенеміз.
Негізі патриоттық сезім балабақшадан басталуы керек. Балаларға Отанды сүюді, еліне қызмет етуді ой-санасына сіңіріп өсірген жөн. Сөйтіп өсе келе баланың бойында патриоттық сезім ұлғая бермек. Шындығында, патриоттық сезім барлық адамның бойында, жүрегінде бар сезім. Кім де болса ең алдымен өзінің туып-өскен жерін ұмытпайды ғой. Алыста шетелде жүрген азаматтардың өз еліне деген, туған жеріне деген ықыласы ерекше болады. Өйткені олар сыртта жүргендіктен елінің, жерінің қадір-қасиетін біледі. Жарыстарда спортшыларымыз көк байрағымызды көкке желбіретіп, Әнұранымызды айтқанда неге көздеріне жас алады? Себебі еліміздің жеңісі, көк туымыздың желбірегені намысымызды жанып, сезімімізді оятады. Яғни өзіңнің еркіңнен тыс сезімді оятып және көзге көрінбейтін күшті патриоттық сезім дейміз. Сондай-ақ мемлекет басшылары шетелге шығып, мінберлерден сөйлеген кезде де бойымызға бір күш-жігер бітіп, еліміз гүлденіп өркендесе екен деп қуанып отырамыз. Осының бәрі патриоттық сезім екенін түсінеміз. Қазіргі тәуелсіздік кезеңінде азаматтарымызды патриоттыққа баулу маңызды мәселелердің бірі. Сарбаздарымыз елін, жерін, Отанын қорғау үшін әскерде қызмет етуде. Жастарымыз шетелде білім алып, озық тәжірибелерімен бөлісіп еліне оралуда. Осылардың бәрі патриоттық сезімімізді оятады.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ