Патшасыз ел, ұстасыз ине бола ма?
Сіз білесіз бе, Жер әлемі ұшы-қиырсыз алып кеңістіктегі сансыз көп ғарыштық денелердің бірі ғана. Ғарыш кеңістігінде шамамен 300 миллиардтай галактика бар. Бұлардың әрқайсысысында 300 миллиардтай жұлдыз тағы бар. Олар бір-біріне қақтығысып-соқтығыспай теңдессіз жүйемен белгілі бір бағытта дөңгеленіп әрекет етуде. Әрқайсысы миллиондаған тонна құрайтын бұл денелердің жылдамдығына ақыл жеткізу мүмкін емес. Мәселен, Жер шары сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен өзін-өзі және сағатына 108 000 шақырым жылдамдықпен күнді айналуда. Әр галактиканың және оның құрамындағы жұлдыздардың арақашықтығы да ақыл жетпестей ұзақ. Міне, осындай ұлы жүйе миллиардтаған жылдар бойы зәредей ақаусыз әрекет етуде.
Енді осының бәрін жаратып, басқарып, игеріп тұрған Ұлы Жаратушының бар болмауы мүмкін бе? Тонналаған жұлдыздар былай тұрсын, бір уыс қиыршық тасты аспанға лақтыра салсақ, олар өзінен-өзі дәл осындай жүйемен орналаса қалады дегенге ешкім сенбейді. Аулада жатқан доптың өзі біреу тимесе, өзінен-өзі қимылдап кетті дегенге кім иланады?. Олай болса, осыншалықты алып жүйенің Басқарушы иесі міндетті түрде бар. Ол – Құдіреті шексіз Алла тағала.
Жалпы жаратылысқа қарағанымызда ондағы әр нәрсенің орын-орнында тұрғанын, арнайы өзіндік мән-мағынамен безендіріліп, әрқайсысына белгілі бір міндет жүктелгенін көреміз. Әр нәрседен сұлулық, кемелдік, жүйелілік байқаймыз. Жалпы жаратылыс сағат сияқты керемет есеппен, нәзік жүйемен жұмыс істеп тұр. Тіпті сағатымыздың өзін осынау жаратылыстағы жүйеге қарай есептейміз. Ендеше, өзіндік мағына-міндеті бар кіп-кішкентай иненің де өз ұстасы болатыны секілді, жаратылыстағы сұлулықтың, кемелдіктің, жүйенің, мән-мағынаның да бір жаратушысы, қоюшысы болуға тиіс.
Кейбіреулер айтатындай, бұл әлем өз-өзінен, кездейсоқ пайда болған жоқ. Неге дейсіз бе? Өйткені кездейсоқтық мына өте керемет жүйемен, нәзік те ғаламат есеппен істеп тұрған ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемді, жаратылысында еш міні жоқ түрлі-түсті, сан алуан жан-жануарды, көздің жауын алатын сансыз өсімдік әлемін және мың бір сырлы, ғажайып жалпы жаратылысты жасайтындай күш пен құдіреттен мақұрым.
ҚҰРАН АЯТЫ:
Жеті қабат аспанды бір-біріне үйлесімді етіп жаратқан – Ол Алла. Рахманның жаратуында ешбір ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Сал көзіңді, көре аласың ба бір ақау? Сосын көзіңді қайта-қайта бұрып қара! Көзің ешбір ақау таба алмағандықтан шаршап, талған күйде саған қайта оралады
«Мүлк» сүресі, 1-4 аяттар
Иә, Алла, көп мінәжат етем Саған,
Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам,
Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,
Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.
…Бірлігіңді білуге ұмтылғандар,
Жалғыз заттан мың түрлі дәлел табар…..
Ахмет Иүгінеки