Павлодарға шетелден 180-ге жуық қазақ жастары келді

Павлодардағы Toraigyrov University-нің “Foundation” дайындық факультеті алғаш 2014 жылы ашылғанда 50 бала келген болатын. Ол кезде өңірдегі басқа оқу орындарында мұндай бөлім жоқ еді. ҚР білім және ғылым министрлігі былтырдан бастап, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті мен ИнЕУ-ге қосымша грант бөлді. Қазіргі таңда осы үш университетте Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қытай және Моңғолиядан келген 178 бала жоғары оқу орындарына түсуге дайындық оқып жатыр. Олардың 107-сі Торайғыров университетінде, 36-сы ИнЕУ-де, 35-і ПМПУ-де оқиды. Бұл туралы облыстық қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесінде шетелден келген қазақ жастарымен кездесу кешінде “Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы” облыстық филиалының төрағасы Болат Зауытұлы айтты.

– Елбасы 2017 жылы елордада өткен бесінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайында шетелдегі қандастарға қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде 40 шақты елде тұратын қандастарымызға рухани, мәдени және іскерлік жағдай жасау мақсатында мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Соның бір бағыты – шет елдегі қандастардың еліміздің таңдаулы жоғары оқу орындарында білімін жетілдіру, әрі қарай өз қалауымен магистратура және докторантураға түсуіне мүмкіндік жасау. Бұл жастар дайындық курстарынан кейін келесі жылы ҰБТ тапсырып, өздері таңдаған жоғары оқу орындарына түсе алады. Жалпы, республика бойынша 1000 грант бөлініп, оған 1300 дей бала құжат тапсырды,- дейді Болат Зауытұлы.

Бұдан бөлек биылғы оқу жылында шетелдегі қазақ жастары үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының магистратура бөліміне 125, докторантура бөліміне10 грант бөлінген. Мұндай мүмкіндік биыл біріншірет жасалып отыр.

Toraigyrov University Foundation факультеті деканының орынбасары Алуа Жаханқызының сөзінше, биылғы жылы алғаш Ауғанстан елінен балалар келіпті.
– Биылғы жылы 94 білім гранты бойынша тыңдаушыларды қабылдадық. Оның үшеуі – Ауғанстаннан, біреуі – Өзбекстаннан, 10-ы – Қытайдан және қалғандары – Моңғолиядан. Қазіргі таңда олар жатақханада тұрып жатыр. Бірінші кезекте тегін жатақхана ұсынылады, 17807 теңге көлемінде шәкіртақы алады, жылына бір рет отбасына барып қайтатын жолақысы төленеді. Тегін азық-түлік беретін демеушілер де бар, әртүрлі мереке кезінде торт, тәтті-тоқаш жеткізіп беріп тұрады. Бір қуантарлығы Атажұртқа ат басын бұрушылар саны сайын артып келеді. Мысалы біз былтыр 79 бала дайындап, оның 55-і өзімізде қалды. Ал қалғандары басқа жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті,- дейді ол.
Шара барысында дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары оқуға түсу, құжат рәсімдеу және азаматтық алуға қатысты білгісі келген сұрақтарын қойды.

Тілеуберді Сахаба

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.