«Павлодар» АЭА-да жыл соңына дейін 30 миллиард теңге инвестицияларды игеру жоспарланып отыр
Павлодар облысының әкімі «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы құрылыс алаңдарын аралап, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы мен мерзімдері бойынша жиналыс өткізді.
Болат Бақауов «RTF PVL», «Северхим» ЖШС-тері мен басқа да компаниялардың алаңдарын қарап шықты. «ЕртicНефтеСервис» ЖШС-ің директоры Амангелді Шәріпов аймақ басшысына кәсіпорын жұмысын бастаған соң өз өнімін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына тапсыратынын айтты.
— Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы –жылына 2,5 мың тонна өнім, жобаның құны – 467 миллион теңге, — деді компанияның өкілі. – Зауытты осы жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Мұнда 30-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Арнайы экономикалық аймақта өткен жиналыста басқарушы компанияның директоры Айбек Тұрсынғалиев әр жоба туралы нақты айтып, олардың жұмысына жеке тоқталды. Өкінішке орай, кей жағдайда инвесторлар белсенділік танытпай, өз міндеттерін орындамай отыр. Облыс әкімі мұндай кәсіпкерлермен іскерлік қатынастарды тоқтатуды тапсырды.
Әлихан Рахметоллаұлы