«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы Корей еліндегі әріптестерімен меморандум жасасты

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Қазақстан-Корей бизнес-форумы барысында «Павлодар» арнайы экономкиалық аймағы мен «Кванъян» арнайы экономкиалық аймағының өкілдері өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойды.  «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясының директоры Айбек Тұрсынғалиев форумда екі елдің делегаттары, ұлттық компаниялардың өкілдері мен ірі отандық және Корей елінің кәсіпкерлері бас қосқаны туралы хабарлады.

— Бүгін Қазақстан-Корей бизнес-форумының шеңберінде біздің арнайы экономикалық аймақ пен «Кванъян» аранйы экономикалық аймағы инвестиция тарту және АЭА-ды дамыту тәжірибесімен алмасу мәселелері бойынша әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды, — деді Айбек Тұрсынғалиев. — «Кванъян» арнайы экономикалық аймағы (GFEZ) –Оңтүстік Кореяда 2003 жылы әлемдегі ең үздік логистика мен дамыған өнеркәсіп орталығын құру мақсатында негізі қаланған жетекші экономикалық аймақтардың бірі.

Сондай-ақ, ол GFEZ-ің Корея Республикасының ІЖӨ-гі үлесі 10 %-ы құрайтынын айтты. «Кванъян» АЭА – «Павлодар» аранйы экономикалық аймағының аса маңызды әріптесі. Екі жақты меморандум облыс орталығындағы экономикалық аймақтың дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

 

Әлихан Рахметоллаұлы