«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырады
Халықаралық «SINICO» компаниясы Павлодаар облысына инвестиция құюға ниет білдірді. Станок жасау саласындағы ірі кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында өз жобаларын жүзеге асырмақшы.
— «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының маркетингтік саясатын дұрыс жолға қою арқылы біз халықаралық компаниялардың қызығушылығын тудырдық, — дейді арнайы экономикалық аймақтың басшысы Айбек Тұрсынғалиев. — «SINICO» компаниясы айналмалы қозғалыс механизмдері бар кеспелі және соңғы кезектегі өңдеу автоматтарын жобалау және әзірлеумен айналысады. Компания өзінің өнімдерін ауқымды сериямен шығара алады.
Арнайы аймақтың басшысының айтуынша компания станоктар жасап шығару саласындағы сенімді әрі бәсекеге қабілетті консорциумдардың бірі. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының өкілдері жақында Италияның Винченца қаласында SINICO және La Triveneta Cavi компанияларының өкілдерімен кездесу өткізіп, Қазақстанда, оның ішінде, Павлодар облысында жаңа өндіріс ошақтарын іске қосу мәселелерін талқылады.
— Екі компания да «Павлодар» АЭА-ың тиімді шарттарына қызығушылық танытып, шикізат пен сатылым нарығын зерттеген соң өздерінің жобаларын 2020 жылы жүзеге асыруға бекініп отыр, — деді арнайы аймақтың өкілдері. – Сонымен қатар, біз тағы бір жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Арнайы минералдық толтырғыштар мен кешенді қоспалар өндіретін ресейлік «Гранула-СпецЦемент» және халықаралық «KUSTO Group» инвестициялық компаниясы «KAZCENOSPHERE’S» компаниясын құрып, біздің аймақтың резиденттерінің қатарына қосылды. Олар өнеркәсіптік минерал шикізаттарын өңдеумен айналысатын кәсіпорындар кластерін құрумен айналысады.
Жаңа жобаны 2019 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Жобаға құйылатын шетелдік инвестициялардың көлемі 5 миллиард теңгеге жуық соманы құрайды.
Әлихан Рахметоллаұлы