«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының болашақ жоспарлары
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Алик Айдарбаевтың аймағымызға жасаған жұмыс сапары кезінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының даму мәселелері тақыланды.
Әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары алдымен Екібастұз аумағында орналасқан бірнеше кәсіпорынды аралады. Ол №1 және №2 Екібастұз ҚАЭС-да, қазандықтар жасап шығаратын «Энергоспецстрой» ЖШС-де, раушан гүлдерін өсірумен айналысатын «Greenhouse KZ» серіктестігінде болып, олардың жай-күйімен танысты.
Арнайы экономикалық аймақты аралау барысында Алик Айдарбаевқа «Каустик» АҚ-ың басшылығы каустикалық сода шығару бойынша екінші кезектің құрылысын бастау туралы жоспарларын айтты. Екінші кезекті іске қосу Қазақстан нарығының күйдіргіш содаға деген қажеттілігін 100 пайыз қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Акционерлік қоғамның басшылығы «АгроХимПрогресс» ЖШС-ің базасында глифосат өндірісін ашу туралы ойларымен де бөлісті. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы аймақта химия және мұнай-химия өнімдерін шығарумен ғана емес, алюминий кластерін дамытумен де айналысатындықтарын атап өтті.
— 2025 жылға қарай экономикалық аймақта жалпы инвестициялар көлемі 150 миллиард теңгені және бастапқы алюминийді тұтыну көлемі 150 мың тоннаны құрайтын жиырмаға жуық кәсіпорын ашу жоспарланып отыр, — деді аймақ басшысы. – Осы жылы Польшаның «Группа Кети» компаниясы алюминий профильдерін жасап шығаратын зауыттың құрылысы бойынша жобалау жұмыстарын бастайды. Инвестициялар көлемі 28 миллиард теңге, ал бастапқы алюминийді қайта өңдеу көлемі 60 мың тоннаны құрайтын болады.
Сонымен бірге, әкім «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан бойынша ең табысты аймақтардың қатарына енетінін атап өтті. Мұнда бюджеттің 1 теңгесіне 14 теңге инвестиция салынады. Алайда, арнайы аймақта инфрақұрылымның барлығы салынып болған жоқ, әрі бұл жұмыстар қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан Болат Бақауов Алик Айдарбаевтан осы мәселе бойынша қолдауын сұрады.
Суреттер Валерий Бугаев және Ольга Музалевскаяныкі