Павлодар балалар үйлерінің тәрбиеленушілері оңтүстікке саяхаттап қайтты
Павлодар облысының білім беру басқармасы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін Оңтүстік Қазақстан облысының қасиетті жерлеріне экскурсия ұйымдастырды. Оңтүстік өңірін тамашалауға жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 46 бала барды.
Олар Шымкент, Түркістан қалалары мен Отырар, Сайрам аудандарына барып, сәулет өнерінің ескерткіштерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, Арыстан-Баб кесенесі, «Қазына» этно-тарихи кешені, «Отырар» қаласы, «Әзірет-Сұлтан» мемориалды кешені, Қарашаш ана кесенесі, Ибраһим ата кесенесі, Қызыр минареті, Хилвет жерасты мешіті, «Тілектер сандығы», емдеуші бұлақ, жануарлардың тасты мүсіндері сынды тарихи жерлерді аралады.
Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, бұл саяхат оқушыларға рухани-патриоттық тәрбие беріп, еліміздің өткен тарихынан мағлұмат беру мақсатында ұйымдастырылған.
— Алдымызда жазғы демалыс. Мамыр айының соңында балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне Қазақстанның Елордасы – Астана қаласына екі күндік тур, кейін Ертіс өңірінің
қасиетті жерлеріне апару жоспарланған. Қазақстанда ерекше қасиетті және мәдени орындар әлі көп. Осы бағытта бизнесмендермен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз, — деді ол.
Балалардың айтулары бойынша, ең әсерлі және әдемі орындарының бірі – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Бұл нысан «ЮНЕСКО» Дүниежүзілік мұра тізіміне енген. 1385 пен 1405 жылдары аралығында 20 жылда салынған. Мұндағы «Тілектер сандығына» бару кезінде әр бала өзінің тілегін тілейді.
Қасиетті жерлерден басқа тәрбиеленушілер жергілікті жануарлар бағына, дендро бағына, Тәуелсіздік бағына барып қайтты. Качиры балалар үйінің тәрбиеленушісі Евгения Аминова: «Мен Қазақстанның ежелгі қалаларымен танысып, елімнің тарихи жерлерін өз көзіммен көріп қайтқаныма өте қуаныштымын» — деп, өзінің алған әсерімен бөлісті.
Өз тілшімізден.