ПАВЛОДАР: «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ТАҒЫЛЫМЫ» БАЙҚАУЫ
Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде «Ислам және дәстүр тағылымы» атты облыстық салт-дәстүрлер байқауы өтті. Байқауға Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Павлодар ауылы мешіттерінің әйел шәкірттері қатысып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін Ислам дінімен ұштастыра көрсетті. Шараны тамашалауға аудандар мен қалалардан 100-ден астам адам жиналды.
Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті жанындағы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен өткен бұл байқау бұрынғылардан өзгеше болды деуге болады. Шәкірттер салт-дәстүрлерді көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өздерінің қолөнер шеберліктерін, ұлттық тамақ әзірлеу әдіс-тәсілдерін де кеңінен насихаттады. Яғни, халқымыздың отбасылық құндылықтарын, кейбір дәстүрлі рәсімдерді ұлттық деңгейде көрсете білді. Шараның шымылдығын өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы ашып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Осыдан кейін мешіт шәкірттері Құран оқыды.
«Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі және әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының ұстазы Ақерке Тұрғынбайқызының сөзінше, биыл «Жастар жылы» болғандықтан байқауға студент жастар көптеп тартылыпты.
Байқау барысында:
-«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің шәкірттері «Қыз ұзату» және «Қыз жасауын әзірлеу» дәстүрін,
«Екібастұз мешітінің» шәкірттеріне «Келін түсіру» рәсімін және «Беташар» дәстүрін,
-қалалық «Омар Фарух» мешіті «Сәбиді қырқынан шығару», «Азан шақырып ат қою», «Ақиқа құрбандығын беру»,
-қалалық «Ақмешіт» мешітінің шәкірттері «Бала бесікке салу»,
-«Ақсу қалалық мешітінің» шәкірттері «Тұсукесер»,
-«Қасым қажы» мешітінің шәкірттері «Баланы сүндетке отырғызу» және «Бата беру» рәсімдерін көрсетті.
Келесі кезекте ұлтық тағам мәзірлері және қолөнер сабағында әзірлеген ұлттық бұйымдарды, тұрмыстық заттарды көрмеге қойылды.
Мұнда шәкірттерді тапсырмалар бойынша дайындап, байқауға қатыстырған ұстаздар – Нұрила Тілеуова, Зәуре Шадиева, Айша Әбілдаева, Гүлмира Қожахмет, Бақыт Жүніс және Данагүл Сайрандардың еңбегін ерекше атап өту керек. Байқауға «Қажылар қауымдастығының» төрайымы Рымтай Сапарбекова мен ұстаз Ақерке Тұрғынбайқызы төрелік етіп, барлық қатысушылар жоғары деңгейде дайындалып келгенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен қатысушылар берілген тақырыпқа сай номинациялар бойынша бағалы сыйлықтармен және Алғыс хаттармен марапатталды.
— Шәкірттер жоғарғы деңгейде дайындықпен келіпті.Киген киімдері де ұлттық нақыша сай көрінді. Соның ішінде «Екібастұз қалалық мешіті» мен «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің шәкірттерінің көрінісі жақсы әсер қалдырды. Барлық шәкірттерге және оларды дайындаған ұстаздарға алғысымызды білдіреміз. Алла жолында атқарған жұмыстары берекетті болып, әр істері сауаптан болсын, — дейді Ақерке ұстаз.
Жиын соңында алыс-жақыннан келген қонықтарға дастарқан жайылып, ақ жаулықты әжелеріміз ақ баталарын беріп тарқасты.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі