Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Менің туым – менің Отаным» патриоттық акциясы өтті

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде «Менің Туым – менің Отаным» акциясын қолдау шарасы өтті. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.  

Акция “Nur Otan” партиясының бастамасымен мемлекетіміздің басты нышандарын ұлықтау, жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ел бойынша жүзеге асып жатыр. Салтанатты шараға университеттің оқытушылары мен студенттері, “Nur Otan” партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Бақыт Бексейітова, «Сұлтанбет сұлтан» қоғамдық қорының директоры Жұмабек Қамзин, Павлодар облысының құрметті азаматы Әбілхақ Түгелбаев қатысты.

Салтанатты шараның барысында “Nur Otan” партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко мен ПМПУ ректоры, профессор Алтынбек Нухұлы салтанатты ту көтеру рәсімін өткізіп, студенттерді құттықтады.

Алтынбек НУХҰЛЫ, ПМПУ ректоры, профессор:

– Мемлекеттік рәміздер – бұл еліміздің байлығы мен бірлігін бейнелейтін маңызды атрибуттар, – деді университеттің ректоры Алтынбек Нухұлы. – Біздің туда ұлттың өз құндылықтары мен рухы шифрлаған.

– Димаш Құдайбергенов, Геннадий Головкин сияқты танымал жұлдыздарымыз шет елдерде біздің туымызды желбіреткенде, кеудемізді мақтаныш сезімі билейді, – деді “Nur Otan” партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко. – Сондықтан біз өз Отанымызда ұлттық рәміздерімізге үлкен құрметпен қарауымыз керек.

Шара соңы ПМПУ студенттеріне Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары атындағы стипендияны табыстау рәсімімен жалғасты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Әйгерім Оразбек Рафиқа Нұртазина атындағы, «Алғашқы әскери дайындық» мамандығының студенті Сабира Ермағамбетова – ақын композитор Естай Беркімбаев атындағы, ПМПУ колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Назира Махмет көрнекті ұстаз Мұсахан Қанапьянов атындағы, «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының студенті Синура Амирамза ағартушы ғалым Әбікей Сәтбаев атындағы, «Химия» мамандығының студенті Ғаламат Жаңабек ағартушы, мемлекет қайраткері Мұса Шорманұлы атындағы стипендияның иегері атанды.

Әлихан Рахметоллаұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.