Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде кеңейтілген ғылыми кеңес өтті

2018 жылдың 2-шілдесі күні Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы болды. Отырыста  университет ректоры Алтынбек Нұхұлы жоғарғы оқу орнының 2017-2018 оқу жылына арналған жұмысының қорытындысын жасады. Ректор атап өткендей, білім ордасы қысқа мерзім ішінде елеулі табыстарға қол жеткізді: университет мәртебесін алу, жаңа мамандықтарға лицензия алу, колледж ашу, институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өту жұмыстары жүргізілді.

ПМПУ кадрларды даярлаудың үш деңгейлі жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының Орталық-Шығыс аймағындағы алғашқы педагогикалық университеті атанды. Бүгінгі күні университет 58 мамандық бойынша: техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім лицензияларына ие.

Сондай-ақ, Алтынбек Нұхұлы университет қызметкерлерін білім беру саласындағы жоғары кәсіби және жоғары оқу орнынан кейінгі заңнамалық актілерінің жаңа өзгерістермен таныстырды. 28 маусымда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту жайлы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң  қабылдаған еді.

Заң жобасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған міндеттерді орындауға бағытталған. Бұл заң жобасының мақсаты – «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам»  бағдарламасының 78 тармағын жүзеге асыру.  Өзгерістер жоғары оқу орындарының академиялық, басқарушылық, қаржылық қызметтерін реттейді. Қазақстанның ЖОО-ның академиялық және басқарушылық еркіндігін кеңейту – студенттерді қабылдау тәртібін белгілеуді, білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын анықтауды, сондай-ақ ғылыми және білім беру қызметіндегі еншілес ұйымдарды құру мүмкіндігін көздейді.

Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Мақсат Нығманов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасын жүзеге асыру» тақырыбы аясында сөз сөйледі. Аталмыш жоба төрт негізгі бағдарламадан тұрады: «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани Қазына» және «Ақпарат толқыны».

Университет ректоры Алтынбек Нұхұлы жыл бойы өткізілген жұмыс нәтижесін қорытындылай келе, Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовпен кездесуінде Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы атқарылып жатқан қыруар жұмыстың жоғары бағаланғанын атап өтті.

Әлихан Рахметоллаұлы