Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар мұнай-химия зауыты студенттерді бірлесіп оқытады

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Павлодар мұнай-химия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, «Мұнайгаз ісі» мамандығы бойынша оқитын  студенттер үшін дуалды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі меморандум жасасты.

Құжатқа қол қою рәсіміне С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, философия ғылымдарының кандидаты,  Гаухар Ахметова мен «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің бас директоры Оспанбек Әлсейітов қатысты.

Алдағы оқу жылына «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алатын  екінші курстың он бес студенті іріктеліп алынды. Дуалды оқыту формасы бойынша бұл студенттер студенттер аптасына екі рет зауытта тәжірибелік білім алып, қалған уақыттарын университте теориялық білімдерін ұштаумен болады.

Дуалды форма бойынша оқитын студенттер үшін мұнай-химия зауытының басшылығы оларға компенсациялық түріндегі жалақы, жолақысын төлейді  және тегін тамақпен қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, Павлодар мұнай-химия зауыты өткен жылы өткізілген жаңғырту жұмыстарының барысында заманауи басқару жүйесі бар жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Болашақ мұнайшылар дуалды оқыту барысында осы жабдықтарды басқарудың әдіс-тәсілдерін меңгере алады.

Әлихан Рахметоллаұлы