Павлодар мемлекеттік университетінде Үндістан университетінің профессоры дәріс оқиды  

 

Үндістандағы Хариан Сурендер ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Кумар Данкар С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті агротехникалық факультетінің студенттеріне дәріс оқып, семинарлар өткізіп жатыр.  

Профессор Кумар Данкар аймағымызға сапарлап, облыстағы негізгі ауылшаруашылық нысандарын аралады. Олардың қатарында «Ақтоғай-Агро» ЖШС, «Оразбаев» шаруа қожалығы, Павлодар жылыжай кешені бар. Үндістандық маман жылыжай кешеніндегі томаттар мен қиярды өсірудің голландық технологиясы мен көкөніс өсірудің ерекшеліктерімен танысты. Осылайша, екі елдегі ауыл шаруашылығын  ғылыми тұрғыдан салыстыру мүмкіндігіне ие болды.

Кумар Данкардың айтуынша, аумақтың көкөніс шаруашылығын дамытуда әлеуеті зор. Павлодар облысының топырағы құнарлы, мұндай  жер Үндістанда жоқтың қасы.

ПМУ-дің Агротехнология кафедрасы мен ғалым келешекте де  серіктестік орнатып, ғылыми байланыс жасап тұруға уағдаласты.

— Біз ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің түрлерін көбейту, сұрыптарды сынақтан өткізу бойынша бірқатар халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Суыққа беймделген үндістандық сұрыптарды Ертіс өңірнде сынақтан өткіземіз, ал павлодарлық көкөністерді Үндістанда зерттейміз, — дейді  биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Виктор Камкин.

Қазіргі уақытта көкөніс түрлерін өсіру технологияларының тиімділігі бойынша салыстырмалы сараптама жасалып, бірлескен зерттеу нәтижелерін журналда жариялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сарапшылар Үндістанда өтетін халықаралық ауыл шаруашылығы конференциясына қатысуды жоспарлап отыр.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы