Павлодар мемлекеттік университетінде экология мәселелері бойынша халықаралық конференция өтті

Павлодар мемлекеттік университетінде экология мәселелері бойынша халықаралық конференция өтті

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Павлодар облысының экологиясы және табиғатты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Қазақстан, Ресей және Швециядан келген ғалымдар мен сарапшылар жиналды.

Сонымен бірге, конференцияға Павлодар облысы әкімінің орынбасары  Дәурен Мақажанов, өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев, Павлодар облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Данияр Алиев және түрлі қоғамдық бірлестіктер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

ПМУ ректоры, философия ғылымдарының кандидаты Гаухар Ахметова өзінің құттықтау сөзінде Павлодар облысында жарияланған Экология жылы шеңберінде университеттің атқарған қызметіне тоқталып өтті.

— Біздің өнеркәсіптік, экономикалық қызметіміздің әсерінен табиға жүйеге түсетін салмақтың жүктемесін сезіне білуіміз қажет. Көп жағдайда, экономика мен экология өзара теке-тіреске түседі. Бұдан туындаған мәселелерді біржақты шешуге болмайды. Бәріне де жүйелі көзқарас қажет, – деді Гаухар Ахметова.

Сонымен бірге, ол билік, ғылыми орта және өнеркәсіп өкілдері экологиялық басымдықтары бірлесіп белгілеуі қажет екендігін атап өтті.

Конференция шеңберінде ұйымдастырылған көрмеде қонақтарға ПМУ студенттері мен ғалымдарының ғылыми зерттеулері көрсетілді. Олардың қатарында электр энергиясын жасап шығаратын жаяу жүргіншілер плиталары, күн батареяларының негізіндегі жарық шамдары, қайта өңделетін органикалық материалдардан жасалатын брикеттер бар.

Университеттің химик ғалымдары қайта өңделген пластиктен 3D-баспасы үшін қажетті полимер талшықтарын және қайта өңделген майлардан жанар-жағармай материалдарын алуды ұсынды.

Конференцияның жұмысы алты секция бойынша жалғасып, жүзге жуық ғылыми мақалалар жарияланды.

Әлихан Рахметоллаұлы