Павлодар мемлекеттік университетінде студенттік декан сайлауы өтеді

Қыркүйек айында С.Торайғыров атындағы ПМУ-да студенттік өзін-өзі басқару көшбасшыларының сайлауы өтеді. ПМУ әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Жастілек Уахитов университет қабырғасында төрт жыл оқитын студенттер университетте студенттік декан және ПМУ колледжінің студенттік директорын сайлайтынын атап өтті.

— Сайлау ашық дауыс беру арқылы өтеді, яғни, ереже бұзушылықтарға жол берілмейді, — дейді Жастілек Уахитов. – Бұл көшбасшы жастар оқу орнының болашағына бей-жай қарамайды. Аталған лауазым «Саналы ұрпақ» фронт-офисінің қызметі және студенттік өзін-өзі басқару шеңберінде енгізілді. Жұмыс жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүргізіледі.

Студенттік декан мен студенттік директор болып сайланғандар студенттерді басқару, университеттің білім беру және ғылыми қызметіне араласа алады. Сонымен қатар, оларға жалақы төленеді. Әр студент сайлауға қатысып, өздеріне қатысты жоспарлар мен идеяларды жүзеге асыруға араласа алады.

Студенттердің өздері сайлаған декан мен директор мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы бастамалар, аймақтық және республикалық деңгейдегі жастар ұйымдарымен байланыс орнату, студенттік қауымдастықты университетегі жастар ұйымының жұмысына тарту бойынша жұмыс атқармақ.

Әлихан Рахметоллаұлы