Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстанның Құрметті металлургі Мерхат Сүйіндіковтің 60 жылдық мерейтойы өтті

 

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде техника ғылымдарының кандидаты, ПМУ профессоры, Металлургия кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның Құрметті металлургі Мерхат Сүйіндіковтің 60 жылдығы аталып өтті.

Шараға ПМУ ректорының м.а., экономика ғылымдарының докторы Мейрам Бегентаев, ғылыми қоғамдастық, Мерхат Мәдениұлының әріптестері, түлектер мен студенттері қатысты.

Мерекелік кездесуді салтанат марапаттау рәсімімен ашылды. М. Сүйіндіков «Ы. Алтынсарин атындағы» және «Облыс алдындағы жетістіктері үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

— Мерхат Сүйіндіковтің Павлодар өңірінде металлургиялық сала кадрларын даярлаудың бастауында тұрғанын атап өткім келеді. Ол өңірімізде алғашқылардың бірі болып ферроқорытпа өндірісі үшін «Қара металдар металлургиясы» мамандығы бойынша дайындық жүргізе бастады. Сонымен қатар, ПМУ-да алғаш рет «Конструкциялық материалдар технологиясы», «Материалтану» және т.б. пәндерді қазақ тілінде оқытуды ұйымдастырды, — деді Мейрам Бегентаев.

Ғалым 180-нен астам жарияланымдардың, оның ішінде өнертабыс патенттерінің, оқу құралдарының, қазақ және орыс тілдеріндегі терминологиялық сөздіктердің авторы. Оның жетекшілігімен жүздеген бакалавр және 300-ге жуық магистр даярланды, олар өндіріс, ғылым және білім саласында түрлі лауазымдарда табысты еңбек етуде.

Ғылыми және педагогикалық қызметтен бөлек Мерхат Мәдениұлы тарихты зерттеуге көп көңіл бөледі, шығармашылықпен айналысады, көркем шығармашылық саласында еңбек етеді. Оның жетекшілігімен және тікелей авторлығымен Әл-Фараби, Мәшһүр Жүсіп, Қ. Сәтбаев, С. Торайғыров және т.б. атақты тұлғалардың үстел үсті мүсіндері құйылды.

Сонымен қатар ғалым халық ақыны, қоғам қайраткері Жақсылық Төленовтің 200-ге жуық шығармашылық мұрасын қазіргі қазақ алфавитіне (кириллицаға) аударды. Осының негізінде «Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы. Өмір жолы. Шығармалары» кітабы шықты.

Айта кету керек, Мерхат Сүйіндіковтің еңбегі лайықты түрде әр түрлі атақ, марапаттармен бағаланды, соның ішінде «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, «С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың алтын медалімен» марапатталды. 2007 жылы ол университеттің үздік кафедра меңгерушісі деп танылды.

Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін Мерхат Сүйіндіков Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі болып сайланды.

 

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы