Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары Италия университетінде тәжірибе алмасты

С. Тарайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттің Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің оқытушылары Италияның Делле Марке политехникалық университетінде өткен ЕС Эразмус+ ASIAXIS жобасы бойынша екінші кездесу шарасына қатысты. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Ұлыбритания, Италия, Испания, Қытай, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысты. Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің деканы Қайратолла Әбішевтің айтуынша, Анкона қаласында өткен үш күндік шара ішкі жану қозғалтқыштары саласындағы қолданбалы зерттеу жөніндегі семинармен тәмамдалды. Семинарға General Motors, General Electric, Renco және CNR Istituto Motori компанияларының өкілдері қатысты.

Бұл жобадағы С.Торайғыров атындағы ПМУ рөлі – «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура модульдерін жетілдіру, сонымен қатар, нәтижелерді білім беру үрдісіне еңгізу және білім алушыларының (бакалаврлар, магистранттар, PhD докторлар) құзыреттіліктерін дамытуға көмектесу. Аталған кездесуде әр ЖОО-серіктестің жоспарланған мақсаттары мен міндеттеріне жету жолдары белгіленді.

Әлихан Рахметоллаұлы