Павлодар мен Самарқанд университеттері меморандумға қол қойды

Павлодар мемлекеттік университеті Өзбекстанның жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатты.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Самарқанд экономика және сервис институты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат негізінде бірлескен оқу бағдарламалары, академиялық мобильділікті дамыту, қос магистратура, сонымен қатар, ортақ тәжірибелік шаралар мен экспедиция бағыттары бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Өзбекстандық оқу орнының өкілдері ПМУ ұсынатын қосымша білім беру, академиялық алмасу, тағылымдамадан өту және оқытушылардың біліктілігін арттыру мүмкіндігі қызықтырды.

География және туризм кафедрасының студенттері Өзбекстанда халықаралық тәжірибеден өтіп, Ташкент пен Самарқанд қалаларында болды.

— Бірнеше күннің ішінде студенттер өзбек халқының салт-дәстүрлері мен тарихымен танысты. Мыңжылдық тарихы бар қалаларды көріп, тәнті болдық. Өзбекстанның туристік әлеуеті зор. 2018 жылы бұл елге 5 млн турист келген. Жыл сайын Өзбекстанға қызығушылық танытқан азаматтарды саны аруда, — дейді тәжірибе жөніндегі жетекші Ғалымбек Ажаев.

Тәжірибе аясында қауымдастырылған профессор Ғалымбек Ажаев Самарқанд экономика және сервис институтының студенттеріне халықаралық және экологиялық турзим мәселелері тақырыбында дәріс оқыды.

Әлихан Рахметоллаұлы