Павлодар облысы Арыс қаласының тұрғындарына қалай көмектесіп жатыр?
300 балаға демалыс ұйымдастырып, 325 үйді жөндеді және 90 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Павлодар облысы Арыс қаласының тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр. Бұл туралы көшпелі брифинг кезінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов айтып берді.
Аймақ басшысының журналистермен кездесуі қазіргі кезде Арыстан келген 130 бала демалып жатқан Баянауыл ауданында өтті. Арыстық балаларға «Жас Дәурен» лагерінде арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Павлодар облысының әкімі кішкентай қонақтардың жағдайын сұрап, олардың тәрбиешілермен сөйлесті.
8 шілде күні Павлодарға Түркістан облысынан тағы да 170 бала келеді. Олар Ақсу қаласының Беловка ауылындағы «Ферроқорытпашы» және Шарбақты ауданындағы «Чайка» лагерьлерінде демалатын болады.
Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтайтын қоймасында жарылыстар орын алған ТЖ-дан кейін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының жанынан гуманитарлық көмек жинау штабы құрылды. Жиналған көмек қорының жалпы көлемі 90 тоннадан асып түсті. Павлодарлықтар Шымкент қаласына 50 тонна ұн, 15,8 тонна жарма, 7 тоннадан астам макарон өнімдерін, 4,5 тоннаға жуық картоп, 2,8 тонна қант, 2 тонна күнбағыс майын жөнелтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, көптеген еңбек ұжымдары апатқа ұшыраған қаланың тұрғындарына өздерінің бір күндік жалақыларын аударды. Жалпы алғанда, павлодарлықтар 70 миллион теңгеге жуық қаржы жинады.
Қазіргі кезде, Арыста павлодарлық құрылысшылар жұмыс істеп жатыр. Олар 325 үйді қалпына келтіреді. Облыс әкімі жөндеу жұмыстары сапалы әрі тез жүргізілетін болады деп уәде берді.
Әлихан Рахметоллаұлы