Павлодар облысы Өнерлі бүлдіршін – Мунира
«Бала тілі – бал», «Өнерлі бала өрге жүзер», «Адам болатын бала алысқа қарайды». Айта берсек, бала туралы мақал-мәтелдер өте көп. Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас. Сондай жас таланттардың бірі – Павлодар қаласының кішкентай ғана тұрғыны Қалыбаева Мунира Жанатқызы.
Жасы небәрі үш жаста. Мунира өзімен бірге баратын балабақшадағы балалардың арасында сабырлы, салмақты мінезімен ерекшеленеді екен. Ол қазақ ақындарының өлеңдерін құлағына құйып өсіп келе жатыр. Өзі ән айтады, би билейді, мәнерлеп өлең оқиды. Тілі шыға бастағаннан-ақ Мунира ән айтуға құмар болыпты. Естіген әнін бірден жаттап алады, көргеніне қызығушылық танытып, білмегенін сұрап алады екен. Бүгінде үш жасар бүлдіршін Мунира Жанатқызы көптеген өлеңдерді жатқа біледі. Әндер де орындайды.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақстан Дарыны» атты Республикалық байқауы өтті. Байқаудың I дәрежелі дипломы павлодарлық үш жасар талантты бүлдіршін Қалыбаева Мунира Жанатқызына бұйырды. Мунираға «Қазақстан Дарыны» төсбелгісі, куәлік табысталды. Бүлдіршін Абай Құнанбайұлының «Көк ала бұлт сөгіліп» өлең шумақтарын жатқа айтты. Дарынды қыздың түрлі сайыстар мен байқауларға қатысуы «Қазақстан Дарыны» атты Республикалық байқаудан бастау алып отыр. «Мунира қазақтың бас ақыны Абайдың шығармаларын оқуға құмар. Балабақша тәрбиеленушілері арасында өткен жарыста топ жарып, көрермендердің қошеметіне бөленеді. Жасы 3-те болғандықтан, жас ерекшелігіне сай тақпақтар жаттайды. Көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігі де өскен сайын арта түсуде», – дейді анасы Гүлдана.
Талапты бүлдіршін Абай оқулары байқауына үзбей қатысып, тілдік қорын әрі қарай жетілдірмек ниетте екен. Жастайынан білім мен тәрбиені бойына жинап өскен бала келешектің мықты іргетасын қалайды. Мунира қыз болашақта түрлі деңгейдегі сайыстардың жүлдегері атанып, қоржынында өнерімен жеңіп алған медальдар, дипломдар мен Алғыс хаттар жинақтала берсін деген тілек білдіреміз.
Г.ТҰРЛЫБЕКОВА