Павлодар облысына «Nurly Ertis» бағдарламасы жүзеге асырылған екі айдың ішінде 103 көп балалы отбасы қоныс аударды
«Nurly Ertis» пилоттық бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға көшіп келген отбасыларға пәтерлердің кілттері табыс етілді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Еліміздің еңбек күші мол өңірлерінен 27 көп балалы отбасы көшіп келді, — деді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов. — Оның ішінде 142 адамның 51-і еңбекке жарамды, 91-і бала. Балалар тегін негізде балабақшаларға барады, оқушылар мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етіледі, ата-аналары жұмысқа орналасады. Алдағы уақытта Павлодар облысы көптеген азаматтар үшін өз арманы мен бастамаларын жүзеге асыратын өңірге айналады деп ойлаймын.
Үш бөлмелі пәтердің кілтін 9 отбасы (55 адам), 2 бөлмелі пәтердің кілтін 18 отбасы (87 адам) алды.
«Nurly Ertis» бағдарламасы осыдан тура екі ай бұрын іске қосылған еді. Аталмыш бағдарламаның арқасында елордадағы көп балалы отбасылар Екібстұзға көшіп келіп, мұнда жалға пәтер алып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар көшіп келушілердің балаларын бала бақшалар мен мектептерге орналастыру міндетін мойындарына алды.
Елорда күні қарсаңында Екібастұзға елордадан тағы да 27 отбасы көшіп келді. Жалпы, «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша Павлодар облысына 103 отбасы немесе 617 адам көшіп келді. Олардың ішінде 430 бала бар.
Әлихан Рахметоллаұлы