Павлодар облысында 1 сыныпқа 12 мың бала қабылданады

Павлодар облысында 670 білім беру мекемесі бар. Оның 362-сі орта білім беру мектебі. Осы оқу мекемелерінде биыл 102 мың оқушы білім алады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 мың оқушыға артық. Ағымдағы жылы облыс мектептерінің бірінші сыныбына 12 мың бала қабылданбақ.

 Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев айтты. Оның сөзінше, облыс көлемінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге бағытталған 11 балалар үйі бар. Биыл жылдың соңына дейін Қалқаман ауылындағы және Екібастұз қаласындағы балалар үйі жабылуы мүмкін.

— Өңірімізде ата-анасыз балаларды өз отбасына қабылдап алушылардың қатары артып келеді. Соған байланысты Павлодар облысында балалар үйі жылдан жылға азаюда. Мысалы, Қалқаман ауылындағы мекемеде тәрбиеленушілерін Тереңкөлдегі балалар үйіне орналастыру жұмысы жүргізілуде, — дейді Ж.Қарамбаев.

Биыл жалпы орта білім беру ұйымдарына қажетті оқулықтарды сатып алу үшін 1116 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, 5,6,7 сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулықтарын сатып алуға облыстық бюджеттен қосымша 56,8 млн. теңге қарастырылды. Биыл білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, соның ішінде физика, химия және биология кабинеттері жабдықталып, облыстағы 10 мектепке автобус сатып алуға шамамен 1 миллиардтан аса теңге бөлінген.

Жомарт Петровичтің сөзінше, қыркүйек айынан бастап жаңа санат алған 700-ден астам педагогтың еңбекақысы 50 пайызға дейін өседі.

— Жаңартылған мазмұн бойынша білім жетілдірген мұғалімдерге ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылған талаптар бар. Мысалы, «Шебер педагог» санатындағылар  республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысушыларды дайындауы керек. Сонымен қатар, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ағылшынша сабақ үйреткен мұғалімдерге қосымша ақы төленеді,- деді ол.

 2018-2019 оқу жылында жаңартылған бағдарлама бойынша информатика, математика, химия, биология пәндерінен ағылшынша білім беретін ұстаздарға 35 мың теңге қосымша ақы төленеді. Өткен жылы 192 мұғалім дәл осы бағыт бойынша қосымша ақы алған.

Өңірімізде білім беру мамандары тапшы. Биылғы жаңа оқу жылы бойынша 100-ден астам мұғалім жетіспейді. Бос орындардың көбі ауылдық жерлерде тіркелген. Осы тапшылықты жою мақсатында жұмысқа жас мамандармен қатар зейнеткерлер де шақырылуда.

Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлініп, жыл басында жоспарланған 74 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Білім беру мекемелерінің барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай.

Тілеуберді САХАБА