Павлодар облысында 12 мың балдырған бірінші сыныпқа барды
Павлодар облысында 12 мың бала үшін алғашқы қоңырау сыңғырлады. Аймақ басшысы Болат Бақауов №8 мектеп-лицейінде өткен алғашқы қоңырауға қатысып, оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Облыстың барлық мектептеріндегі алғашқы қоңырау мемлекеттік туды көтеру рәсімінен басталды. Бұл құрметке оқу мен спорттағы жетістіктерімен дараланған үздік оқушылар ие болды. №8 мектеп-лицейінде мемлекеттік туды түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып келген 10 сынып оқушысы Владислав Черданцев пен 11 сынып оқушысы Жәнібек Жұмадиев көтерді.
— Біз жылдам қарқынмен өзгеріп келе жатқан заман ағымына куә болып отырмыз. Бұл кезеңде сапалы білім алып, сол білімді тәжірибеде қолдана алу табысқа жетелейтінін ұмытпау қажет, — деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов. – Қазіргі таңда білім беру жүйесі заманауи қоғамға бейімделу тетіктерін іздестіріп жатыр. Бұл шешім – оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Функционалдық сауаттылық – дегеніміз білімді адамның қызметімен сабақтастырып отыратын тұлғаны әлеуметтік бейімделу тәсілі. Павлодар облысы – Қазақстанның ірі индустриялық орталығы болып табылады. Сондықтан да бізге басты функционалдық дағдыларды меңгерген білікті кадрлар қажет.
Ағымдағы жылы өңірдің барлық мектептерінде қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашылды. №8 мектеп-лицейінде үш тілді қатар үйрететін сынып ашылды. Сонымен бірге, оқу мекемесінде «Teacher office» форматындағы ұстаздар кабинеті және робототехника кабинеті ашылды.
Әлихан Рахметоллаұлы