Павлодар облысында 36 мектепке футбол доптары табыс етілді

Аймақтық дене шынықтыру орталығы өңірдегі 36 мектептің әрқайсысына бес ойын добын табыстады. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы хабарлады. «Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы дене шынықтыру сабағының әр үшінші сабағында футбол ойынын өткізу» республикалық жобасы шеңберінде мұндай сыйлыққа Павлодарда — 17, Ақсуда — 8 және Екібастұзда 11 мектеп ие болды.

Акцияның демеушісі – «Coca-Cola» компаниясы. «Футбол сабақтары» жобасын Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы бірлесіп жүзеге асырып отыр.

2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Жалпы орта білім беру ұйымдарының 1-4 сыныптарында дене шынықтыру сабақтарының әр үшінші сағатында «Футбол сабағы» бойынша тестілеу өткізу туралы бұйрық шығарған. Осыған сәйкес өңірдегі 27 мектеп пилоттық жобаға енгізілген. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл жоба кеңейтіле түсті.

Қазіргі таңда облыстың 66 мектебінде 1-11 сынып оқушылары арасында футбол сабағы өткізіліп жатыр.

— Биыл облыста «Футбол сабағы» 66 мектепте енгізілді, — дейді аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының әдіскері Марат Дүйсенов. – Оның ішінде аудандарда — 35 мектепте, қалған 31-і — қалалық мектептерде. Үшінші сабақта футбол ойыны апробациядан өтеді. Былтыр бірінші 1-4 сыныптарда ғана болса, биылдан бастап 5-11 сыныптар да қатарға қосылды. Былтыр «Былғары доп» республикалық жарысында біздің облыс үздік нәтиже көрсетті. Ең кіші жас санатында бірінші орын, орта жастағылардың арасында екінші және жоғары топта төртінші орынға ие болдық. Бұл балаларды спортқа тарту мақсатында қолға алынып отырған жоба.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы