Павлодар облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы ипотекалық несие берілді

Павлодар тұрғыны аталмыш мемлекеттік бағдарлама бойынша Астанада пәтер алуға бел буды. Алғашқы тұрғын үй несиесін «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының облыстық филиалы берді.

— Мен 20 жылға 14 миллион теңге сомасында ипотекалық несие алдым. Ай сайын банкке шамамен 90 мың теңге төлеуім керек, — деп ағынан жарылды «7-20-25» бағдарламасы бойынша облыстағы алғашқы несие алушы Ерболат Мәкенов.

«Банк ЦентрКредит» АҚ аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмысты 2018 жылдың шілде айынан бастаған болатын. Банктің облыстық филиалының директоры Дәурен Оразбаевтың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда банк тағы бір ипотекалық өтіншіті мақұлдады.

— Несиелік өтініштер орта есеппен үш күн ішінде қарастырылады. Бастысы – өтініш берудің жеке баспанасы болмауы шарт, — дейді Дәурен Оразбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 5 наурыз күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа несиеге баспана сатып алуға мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасын ұсынған еді. Атап айтсақ, ипотекалық қарыздар сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін болатын талаптармен беруді көздейтін «7-20-25» бағдарламасын іске қосу тапсырылды.

Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау 25 млн. теңге, ал басқа өңірлерде – 15 млн. теңге шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі бар.

Бағдарламаға еліміздің келесі банктері қатысып отыр: «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Цеснабанк», «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» , «Bank RBK», «Қазақстанның Халық банкі». Айта кету керек, биыл Павлодар облысында барлығы 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға тапсырылады деп жоспарлануда.

 

Әлихан Рахметоллаұлы