Павлодар облысында 76 көп балалы отбасыға пәтер берілді  

 

Қазақстан халқының бірлігі күні Павлодар облысында 76 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады.

1 мамыр күні Ақсу қаласында 102 пәтерлік үй пайдалануға беріліп, олардың ішінде 70 пәтер қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға берілді. Көп балалы аналарға пәтер кілттерін аймақ басшысы Болат Бақауов табыстады.

— Сіздерді шын жүректен халқымыздың бірлігі күнімен құттықтаймын, — деді ол. – Тұрмыс жағдайы қиын отбасыларға тұрғын үй берудегі басты мақсатымыз – көп балалы отбасылардағы балалардың қамы. Ата-аналар балаларды жайлы жағдайда өсірулері керек. Біз сіздерге ары қарай да жұмысқа орналасу, мектеп пен бала бақшаларда орын алу сияқты мәселелер бойынша көмек көрсететін боламыз. Бәріңіздің отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін!

Жаңа пәтерлердің иелері қуаныштарын жасырмады. Үйткені, олар бұған дейін тұрғын үй жалдап немесе аядай бөлмелерде тұруға мәжбүр болған еді.

— Мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына алғысым шексіз, — дейді көп балалы ана Елена Хайруллина. – Балаларыммен бірге пәтерден пәтерге көшіп жүруден әбден шараған едік.

Сондай-ақ, осы күні Екібастұзда екі көп балалы отбасы және Ақтоғай, Май және Железин аудандарында төрт көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев