Павлодар облысында Абай Құнанбайұлының туған күніне орай жас ақындардың арасында айтыс өтті
Павлодар облысына қарасты Аққулы ауданының орталығы Аққу ауылында ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының туған күніне арналған «Абай мұрасы — халық қазынасы» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Айтыс аламанына облысымыздың әр өңірінен 8 жас ақын қатысты.
Жыр төкпелеп, айтыстағы дәстүр бойынша барлығы да қарсыласын қапы қалдырып, оза шабуға тырысты. Жыр сайысына «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Арман Қани бастаған облыстық, республикалық ақындар айтысының жүлдегерлері қазылық етті.
— Бүгін өзгеше айтыс болды. Ақындар Абайды, оның әкесі Құнанбайды, сонымен қатар, жақында ғана тарихи атауын қайтарған Аққулы мекенін тақырыпқа арқау етті. Бүгінгі айтысқа жалпы 8 ақын қатысып отыр. Бұл айтыс жас ақындарымыздың талантын, дарынын көрсетуде. Жас ақындарымыз шыңдалып келеді. Олар облысымыздың намысын қорғап, айтыс өнерінің жалауын желбіретіп, туын жықпай келе жатыр. Алла қаласа, бұл айтыс республикалық деңгейге көтеріліп, асқақтайды деген үміттеміз, — деді Арман Қани.
Ақындарын алақанда аялап, үкілеп жүріп бәйгеге қосатын қаймана елдің қашанда асыға күтетіні — отты жыр. Осы орайда жиналғандар жас ақындардың шеберлігі мен шешендігіне ерекше ықылас танытып, шабыт беріп отырса, ақындар жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындата алды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені баянауылдық Алтай Қадырбек иеленіп, жүлделі 1 орын Нұрбек Бәкірге бұйырды. Ал, 2 орынға павлодарлық Айбек Оралхан лайық деп танылса, 3 орынды аққулық ақын Марғұлан Жанбау жеңіп алды. Сонымен қатар, аламанда сөз шеберлігін таныта білген жас ақындарға арнайы номинациялар берілді. Аққулы ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Мизан Жұмәлі марапатталса, «Жауһар ақын» номинациясы Азамат Базарбайға, «Өлең сөзің патшасы»номинациясы — Мәрес Байронға, «Арқалы ақын» номинациясы — Қуандық Башойға табысталды.
Әлихан Рахметоллаұлы